Елімізде ұн, май, макарон, қант өндірісі ұлғайған

1 844

Министр Ербол Қарашөкеев 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары туралы баяндады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Аталған жоспарда 31 іс-шара көзделген, оның 17-сі өнім өндіру көлемін ұлғайту, аграрлық ғылымды дамыту және тауарларды сақтау, 7-сі – азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, 7-сі – азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі мен сапасы бойынша жүргізіледі. 31 шараның 11-і 2022 жылы орындалды және 20 шара 2023-2024 жылдарға жоспарланған.


«Жалпы 2022 жыл қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісі көлемі 3,9% артып, 2,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте азық-түліктің негізгі түрлерін: өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері мен қантты өндіруде өсім байқалады.

Керісінше, өндіріс төмендеген бірқатар өнімдер бар және олар негізінен сүт өнімдері: сары май, сүт, ірімшік және сүзбе, ашытылған сүт өнімдері», - деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.


Меншікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету 2022 жылы шұжық өнімдері бойынша 56,4%-дан 61%-ға дейін, алма бойынша – 73,7%-дан 75,6%-ға дейін, құс еті бойынша – 65,4%-дан 68%-ға дейін, қант бойынша – 42,6%-дан 51%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте ірімшіктер мен сүзбе бойынша 56%-дан 53%-ға дейін төмендеу байқалады.


«Осылайша, сүт өнімдері бойынша тағы төмендеу тіркеліп отыр. Бұл қазіргі уақытта сүт өнімдерін өндіру проблемасы барын растайды, ол шикізат базасының дамымауымен байланысты», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.