Қазақстандағы мақта егілетін алқаптар 14,8 мың гектарға қысқармақ
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мақта егілетін егістерді 14,8 мың гектарға азайту жоспарланғанын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Суды аз қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңын 14,8 мың гектарға азайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар күріш дақылдары бойынша күрт төмендеу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – бұл дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысы аумағында топырақтың тұздануы. Тұз басқан алқаптарда басқа тиімділігі жоғары дақылдарды егу қиын болып тұр. Бұл тұрғыда тиісті технологияны пайдалану керек», - деді Е. Қарашөкеев.
Бұдан бөлек ол су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарына тоқталды.
«Біріншіден, инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтеледі. 2020-2022 жылдары 1232 жоба іске асырылып, 29,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы мақсаттар үшін өңірлердің өтінімдері бойынша 2023 жылы 18,4 млрд теңге қарастырылған», - деді министр.