Министрлік Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін енгізбек
Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін енгізбек. Алайда, бұл ұсынысқа еліміздегі қауымдастықтар мен отандық тауар өндірушілер қарсы шығып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Биыл Үкімет Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін құру мәселесін көтерді. Бұл тізілім Индустриялық сертификат пен СТ-KZ сертификатын алмастыруды көздейді. Өкінішке қарай, бизнес-қоғамдастықтың осы тізілімді құрудың орынсыздығы туралы барлық дәлелі мен негіздемелері тыңдалмады», – деді «Атамекен» ҰКП тауардың шығу тегін сертификаттау департаментінің басқарушы директоры Самат Садықов.
Қазіргі кезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында реттелетін сатып алудың негізгі шеңберінде қолданылатын құжаттардың екі түрін беру жөніндегі функцияны жүзеге асырады. Мұндай құжаттар – «СТ-KZ» формасындағы сертификат пен Индустриялық сертификат. Ал мемлекеттік орган ұсынған тізілімде механизм жетілмеген. Өйткені онда тізілімге өтуге рұқсат беретін бір ғана критерий – технологиялық операцияларды орындау ғана қарастырылған. Алайда барлық тауарға дерлік технологиялық операцияларды жазып шығу мүмкін емес.
Мысалы, Ресейде осыған ұқсас тізілім 2015 жылдан қолданылып келеді, оның үстіне өнеркәсіп те анағұрлым дамыған. Тізілімге 11,5 мың кодтың 2 мың коды енгізілген.
«Атамекен» өкілінің атап өтуінше, мемлекеттік органдар ұсынған тізімді жаңа механизм деп айтуға болмайды. Оның СТ-KZ беру жөніндегі қолданыстағы механизмнен айырмашылығы, тек бір критерийді қолданылады – бұл технологиялық операциялар. Ал СТ-KZ сертификатында 3 критерий қарастырылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік орган ұсынған Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімінде өндірісті локализациялау деңгейі мен кәсіпорындардың өндірістік қуаты көрсетілмейді.
Мемлекеттік органдар ұсынғаны – СТ-KZ сертификатын беруге қойылатын талаптардың өзгеруі ғана. Ол басқа атауға ие болады, бірақ сонымен бірге жаңа талаптарға көшу және жаңа құжат алуға байланысты заңдарға өзгеріс енгізуді талап етеді, сондай-ақ бизнес үшін қаржылық және уақыттық шығындарға әкеп соғады.
ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев атап өтуінше, бүгінгі таңда индустриялық сертификат – бизнестің нарықта бақылауды жүзеге асыруға және нақты өндірісті қолдау шеңберінде ойынның нақты ережелерін жариялауға мүмкіндігі бар құралдардың бірі.