Мұнай бағасы – ұлттық валютаға әсер ететін негізгі фактор

385
Мұнай - ұлттық валюта бағамының құрылымына әсер ететін негізгі фактор болып отыр. Бұл туралы Ұлттық Банк өкілдері мәлімдеді. Мұнай бағасы маусымда 8,4%-ке өсті. Ал төл валютамыз осы уақытта тек 0,9%-ке нығайып, бір АҚШ доллары үшін 424,95 теңгені құрады. Теңгенің одан әрі нығаюына не себеп болғанын Ұлттық Банктің өкілдері айтып берді Нұржан Нұрғазин, ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:
 – Мұнай әдеттегідей ұлттық валюта бағамының құрылымына әсер етуші бірден-бір негізгі фактор болып қалып отыр. Қара алтынның оң динамикасына теңгенің мардымсыз әсер таныту себебі – теңге бағамының жағымсыз факторлардың, атап айтқанда, сыртқы және ішкі факторлардың ықпалында қалып қойғандығында деп түсіндіріледі. Әлемдік қаржы нарығының динамикасы екіұшты жағдайда, күрделі қалпында қалып отыр. Бір жағынан вакциналаудың қарқынды жүруі мен әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамдар жақсара түскен. Екіншіден әлемде инфляция мен коронавирустың жаңа дельта-штамының таралу қарқыны күшейіп келеді. Нұржан Нұрғазин, ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:
 – Егер ішкі факторлар туралы айтатын болсақ, ең алдымен іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуі аясында тауарлар ипортының өскенін атап өту керек. Шетел валютасына деген сұраныстың артуы да маусымдық факторларға тікелей байланысты, дейді Ұлттық Банк өкілдері. Бұл ретте, шетелдік инвесторларға төленетін дивидендтік төлемдерді айтуға болады. Осы аталған факторлар маусым айында ұлттық валютамыздың бекуіне кедергі келтірген.