Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 4,9%-ке өсті
Қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4%-ке өсіп, 102 млрд долларды құрады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ті құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 58%-ке, денсаулық сақтауда – 40%-ке, саудада – 38%-ке, білім беруде – 18%-ке, ауыл шаруашылығында – 8,7%-ке, өнеркәсіпте – 8,3%-ке өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды.
Сондай-ақ алдын ала қорытынды бойынша қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4%-ке өсіп, 102 млрд долларды құрады.
Бұған қоса өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2%-ке өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 27%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 42%-ке және электр жабдықтарын жасау – 31%-ке ұлғайған. Сонымен қатар газ өндіру – 9,7%-ке, мұнай өндіру – 9,3%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 1,1%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,3%-ке, көмір өндіру – 5,5%-ке төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке ұлғайды. Жыл басынан бері 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 14%-ке жоғары.