2035 жылға дейін энергетика саласында қуаты 26 ГВт болатын нысандар ашылады
Алдағы 5 жылда елдегі жылу энергетикасын дамытуға 8 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазір энергияның 60%-тен астамы көмірден алынып отыр. Ал Үкімет жаңартылатын энергия көздерін көбейтуге күш салып жатыр. Былтыр осындай 16 нысан жұмысын бастады. Алдағы уақытта күн, су мен желден энергия өндіретін тағы 50 нысан іске қосылмақ. Энергетика саласында 2035 жылға дейін қуаты кемінде 26 ГВт болатын нысандарды қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Үкіметтің арнайы жоспары бекітілді. Қазір елде 222 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 6 конденсациялық электр станциясы, 41 жылу электр орталығы, 14 газ-турбиналық, 7 газ-поршендік және 6 су электр станциясы бар. Ал басым бөлігі – жаңартылатын энергия көздері. Бұлардың саны 150-ге таяп қалды. Қазір елде осы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға күш салынып отыр. Мұндағы 148 нысанның 40-ы – судан, 59-ы – желден, 46-сы – күннен және 3-уі биогаздан энергия өндіреді. Бұл кәсіпорындардың жалпы қуаты – 3 ГВт жуықтайды.
Елдегі қуат көздері: Барлығы – 222 КЭС – 6 ЖЭО – 41 ГТЭС – 14 ГПЭС – 7 СЭС – 6 ЖЭК – 148
Жаңартылатын энергия көздері: Барлығы – 148 СЭС – 40 ЖЭС – 59 КЭС – 46 БЭҚ – 3
Жалпы қуаты – 2,9 ГВт
Жыл соңына дейін 5 ЖЭК жұмысын бастайды. Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары күшейді. Сонымен қатар инвестиция тартуға да ерекше назар аударылып отыр. Мәселен елде Қытай компанияларының қатысуымен 4 энергия көзі салынады. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаты – 1,8 ГВт. Қарағанды және Павлодар облыстарында жел станциялары, ал Түркістан облысында күн станциясы тұрғызылады. Қытай тарапы жобаларға 2 млрд доллар инвестиция жұмсамақ. Жалпы, 11 айда жаңартылатын энергия көздері 6,4 млрд кВт/сағ қуат өндірді. Биыл қуаттылығы 35 МВт-қа жуықтайтын 3 кәсіпорын жұмысын бастады. Яғни Ақмола облысында 2 жел электр станциясы, Жамбыл облысында 1 күн электр станциясы іске қосылды. Осы уақытқа дейін 1800-ден астам жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындар саны жыл соңына дейін ұлғая түспек.
Энергетика саласына 8 трлн теңге инвестиция тартылады. Елде жылу энергиясына сұраныс өсіп келеді. Саланың қуатын арттыру үшін 2029 жылға дейін 8 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту арқасында өндіріс көлемі 5,6 ГВт-қа артады. Үкімет былтыр қуаты шамамен 9 ГВт болатын жаңа нысандар салу туралы шешім қабылдады. Қазір бұл жобалар бойынша жұмыстар басталды. Сондай-ақ Үкіметтер арасында бірнеше келісім жасалды.