Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат берді. Онда ол елдегі несиеге батқандардың жағдайына қатты алаңдайтынын айтып, мәселенің шешімін айтты, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым", - деді ол.
Президенттің айтуынша, негізінен бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек.
"Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі", - дейді мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленген. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі.
"Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайынмын", - дейді Тоқаев.