Қызылордалық жас кәсіпкер жылқы басын көбейтуде
Мемлекет берген мүмкіндік жас кәсіпкер жылқы басын көбейтуде,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
«Салт-сананың негізі – елдің қолындағы кәсібінде» дейді. Расымен, ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң – еліңнің туын көкке көтере аласың. Ал мұндай жандар арамызда аз емес. Әсілінде ауылдық жерлерде азын-аулақ малының басын көбейтіп, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланғанның қатары артқан. Солардың бірі – Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Олжас Ешмағанбетов.
25 жастағы жігіт Алматы технологиялық университетінде «Биотехнология» мамандығы бойынша білім алады. Дипломын қолға алған соң ауылға қарай қадам басады. Солай ол анаубір жылдары жылқы бордақылау мақсатында «Бизнес Бастау» бағдарламасымен 505 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алады. 3 бас тай алып, күтіп-баптап, семірген соң сатылымға шығарып, орнына басқасын әкеледі. Жұмыс процесі үш ай сайын осылай өрби береді. Бірақ бұл бір ғана қыры. Жас кәсіпкер сол кезеңде бұл жобадан бөлек, жылқы басын көбейту үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге көлемінде несие алады. Алған қаржыға 5 бас байтал алып, биыл олардың саны көбейген. Осылайша талапты жастың таңдауы төрт түліктің ішіндегі жылқыға түскен. Сайып келгенде, ата-бабаларымыздың түлік ішіндегі жақсы көргені де осы жануар. Таза, ішсең сусын, жесең ет, мінсең көлік.
«Бұл жануар жағдай жасағанды, бапты, күтімді қажет етеді. Сол үшін оның жем-шөбінің құнарына мән беремін. Әзірге ешкім жұмыспен қамтылып тұрған жоқ. Алға қойған мақсатым көп. Егер кәсібім берекелі болып, тынысы кеңейсе, неге қамтымасқа? Кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін алдымен оның қыр-сырын меңгеру керек. Әрине, басында қиындық пен кедергі болары рас. Бастысы – жобаны тереңірек зерделеп, қаржыны мақсатты жұмсай білу. Сонда ғана еңбек зая кетпейді», – дейді Олжас Ешмағанбетов.
Оның өз ісін өрістетіп, жылқы малын бордақылауды, санын көбейтуді кәсіп еткеніне көп жылдар болмаса да алға қойған мақсаттары көп. Жиырма екі жасар жас кәсіпкердің атакәсіпті өрістетуге деген ынтасы зор. Алға қойған мақсаты айқын. «Екі қолға бір күрек» алып, кәсібінен нәсіп көріп отырған жан бүгінде межелі мақсатын кезең-кезеңімен орындауда. Бір білетініміз, ол маңдай терді төгіп, адал еңбек етуді естен шығарған емес. Бұл ауыл жастарына көп үлгі.
ЖЫЛҚЫ ӨСІРУ– жылқы шаруашылығы – мал шаруашылығының негізгі бір саласы. Бұған жылқы санын көбейту, сапасы мен өнімін арттыру, әр түрлі мақсаттарда ( ет және қымыз өндіруге, күш көлігі ретінде, спорттық жарыстарға қосуға, шет елдерге сатуға, т. б.) тиімді пайдалану жатады. Ж. ө. және бие сауу қазақ халқының ата кәсібі болып табылады. Қазақ халқы жылқыны үйірге (25–30 бие) бөліп, жақсы тұқымнан айғыр салатын болған. Мұндай айғырлар үйірін шашау шығармай, ит-құсқа жегізбей, қысы- жазы қорғайды. Бірнеше үйір қосылып қос құраған. Бір қоста 500-ден 1000-ға дейін жылқы болады. Айғырдан шыққан биелер 10 айдан кейін (сәуір-мамыр айларында) құлындайды. Құлындар отығып, жетілген кезінде байланып, бие сауылады. Алғашқы кезде бие тәулігіне 3 немесе 4 рет сауылады, ал онан кейін саууды көбейте береді (5 – 6 ретке дейін). Ағытылған бие құлынымен бірге жайылымда бағылады. Қазақ халқы биені 6 ай бойы сауады. Бие қымызының хим. құрамы үнемі тұрақты бола бермейді, ол малдың физиол. күшіне, азықтандырылуына, күтіп-бағылуына және тұқымына қарай өзгеріп отырады. Қымызда 1,8–2,2%-тей белок болады, сондай-ақ адам денсаулығына қажетті витаминдердің барлығы кездеседі.
Әсіресе қымыз А және С витаминдеріне бай (қ. Қымыз). Жылқы етінің сапасы өте жоғары, сіңімді. Сондай-ақ, жылқыдан көптеген мал ауруларын емдеу үшін қолданылатын қан сарысуы алынады. Қазір Қазақстанда 1 млн-нан астам жылқы өсіріледі (2002). Жылына олардан 40 мың т-дан астам ет, 35 мың т-ға жуық қымыз өндіріледі. Ж. ө-дің жалпы мамандандырылу бағыты республикамыздың табиғи-шаруашылық аймақтарына байланысты айқындалған. Жылқының асыл тұқымдарын көбейту мақсатында Қазақстанда 13 асыл тұқымды жылқы з-ттары (Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, т.б. облыстарда), жылқы тұқымын асылдандыратын 39 мемл. шаруашылықтар (Ақтөбе облысы, Атырау облысы, т.б.) ат жарыстыратын алаңдар және асыл тұқымды жылқы фермалары ұйымдастырылған. Қазақстанда асыл тұқымды жылқы саны 9 мыңнан асты (2000). Республикада жылқының міністік, сыдыра желісті тұқымдары және қазақ жылқысы өсіріледі. Дала және құрғақ дала аймақтарында жылқы негізінен жұмыс көлігі ретінде пайдаланылады. Қуаң, қуаңшылық және тау бөктеріндегі аймақтарда ауа райы жылы, жылқыны жыл бойы жайылымда бағудың мүмкіншілігі бар. Бұл жерлерде жылқы ш. ет алу мақсатында ұйымдастырылған. Қазақстанның кең байтақ жайылымы бар орт., оңт., шығыс және батыс аймақтарының көптеген аудандарында жылқы үйірлеп бағылады. Жылқыны үйірлеп бағудың бірнеше әдісі бар. Бос бағуда жылқы жыл бойы жайылымда болады, қатты боран не көк тайғақ болғанда ғана пішен, жем беріледі. Табындап баққанда жылқы жынысына және жасына қарай табынға бөлінеді. Шаруашылықтағы жылқының санына байланысты табында 150 – 180 бие, 180 – 200 бойдақ жылқы, ал жазық далада 350 жылқыға дейін болады. Боран және аяздан қорғау үшін жайылымда жеңіл-желпі жылқы қора, қалқа, ықтасын лапас салынады, құдық қазылады, суаттар жасалады. Жайылым орталығына әр жылқыға 3 – 5 ц пішен, 0,5 – 1 ц жем қорын дайындайды. Құлынды 10 – 12 айлығында енесінен айырады. Қорада не қоршалған шарбақта 1 айғырға 20 – 25 биеден үйірлеп шағылыстырады. Қ ұстап баққан жылқыны қыста ашық, жылы күндері жайылымға шығарады, қатты боран, аязды күндері қорада ұстап пішен және жем береді. Орта есеппен әр жылқыға 30 ц пішен, 6 – 8 ц жем дайындайды. Қ ұстап баққанда бие мен айғырды сұрыптап таңдап алып шағылыстырады және қолдан ұрықтандырады. Жылқыларды 1,5 жасынан мінуге, жегуге үйретеді, үйірдегі жылқыны таңбалайды. Биелерді қорада құлындатады. Құлындаған биелерді күн жылынғанша құлынымен бірге қорада ұстап, құнарлы пішен мен жем береді.
Түйін
Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауданда кәсіпкерлік кең қанат жаюда. Солай кәсіпке ынталы азаматтардың күн санап қатары артуда. Әрине, бұл өз кезегінде өңір экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады.