Елімізде тікелей шетелдік инвестиция көлемі төмендеді

2 584

NoneӨткен жылы елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемінің төмендегені байқалды. Бұл туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«2023 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 11,3 пайызға төмендеп, шамамен 20 млрд АҚШ доллар болды. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы ұқсас кезеңдегі тікелей шетелдік инвестиция ағынының орташа деңгейінен 9 пайызға жоғары», - деді министр орынбасары.


Министрлік ұсынған мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың 9 айында 5 салаға тікелей шетелдік инвестиция көп тартылған. Нақтырақ айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 8,6 млрд, өңдеу өнеркәсібіне 3,9 млрд, көтерме және бөлшек саудаға 3,8 млрд, көлік және қоймалауға 855 млн, құрылысқа 413 млн доллар инвестиция салынған.


Оның атап өтуінше, Үкіметтің стратегиялық міндеті ЖІӨ көлемін екі есеге, яғни, 2029 жылға қарай 450 млрд долларға дейін ұлғайту және кемінде 150 млрд доллар инвестиция тарту үшін қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін жоғары қайта бөлу және дамыту кластерлерін құру мақсатында тікелей инвестицияларды тарту жөніндегі күш-жігерді ұлғайту. Ол үшін Ұлттық экономика мен сыртқы істер министрліктері бірлесіп, инвестициялар тартудың тұтас экожүйесін қалыптастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта үш деңгейлі – «шет елдердегі мекемелер – орталық – өңірлер» жүйесі пайдаланылады. Онда сыртқы деңгейде әлеуетті шетелдік инвесторлармен тікелей бастапқы байланыс орнататын Қазақстанның 109 шет елдегі мекемесі жұмылдырылған.