Түркия елінде демалу ақысы қымбаттауы мүмкін

357
Жыл басынан бері Түркияның лирасы 40 процентке құлдырап кетті. Жағдай оңалмаса, келушілерге көрсетілетін қызмет те қымбаттауы мүмкін, яғни Түркиядағы демалыс ақысы 60 процентке қымбаттайды, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жергілікті туризм қауымдастығының болжамы бойынша:
Айта кетейік, қазақстандықтар да түрік табиғатын саялағанды жақсы көреді Жыл басынан бері 350 мың қазақстандық турист шет ел асқан. Бұл былтырғыдан 4 есе артық. Жаңа жыл қарсаңында көрсеткіш тағы да артуы мүмкін. Отандық туроператорлар жылы жаққа баратындар үшін тиімді ұсыныстар дайындап қойған. Құзырлы қауымдастық президенті Инна Рей Біріккен араб әмірліктері, Мысыр елі, Мальдив аралдары, Тайланд сынды туристік мекендер қазақстандықтарды асыға күтетінін жеткізді. Отандық әуе компаниялар да Үндістанмен тұрақты рейстерді қалпына келтіретінін хабарлады. Бұл үлкен мүмкіндік. Себебі Гоа мен Шри-Ланкадағы демалыс өзге елдерге қарағанда арзанырақ шығады. Ал Түркиядағы валютаның құнсыздануы біздің туристерге анау айтқандай әсер етпейді. Туроператорлар қауымдастығының президенті қазақстандықтар ол бағытты жазда ғана таңдайтынын айтты. Бүгінде елдегі туристік операторлар қайта лицензиялаудан өтіп жатыр. Олардың нақты саны жаңа жылдан кейін белгілі болады.  Инна Рей, Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті: – Пандемия кезеңінде туристік операторлар жұмысын тоқтатқан жоқ. «Туристік Қамқор» қорының арқасында саяхатшыларымызды межелі жерге жеткізіп, алып келіп отырдық. Қиындықтар аз болмады. Әсіресе осы жазда жұмысымыз көбейіп кетті. Бірақ туристеріміз риза. Ең бастысы - осы. Біздің елге келгісі келетін шетелдіктер де көп. Апта сайын туристік қауымдастық өкілдерімен сөйлесіп отырмыз. Әзірге ведомствоаралық комиссияның рұқсатын ала алмадық. Жағдай реттеледі деген үміттеміз. Қазақстанда 10 туристік сақтандыру компаниясы бар. Инна Рейдің айтуынша, олар көрсететін қызмет түрлері жеткіліксіз. Коронавирус инфекциясы сейілмейінше, саяхатшылардың қауіпсіздігі өзекті мәселе бола береді. Оның үстіне сақтандыру құжатын талап ететін мемлекеттер де бар. Жалпы 9 айда елдегі сақтандыру сыйақысы 20 процентке артыпты. Әсіресе өмірін сақтандыруға ниеттілер көбейген. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген зерттеуге сүйенсек, өмірді сақтандыру компанияларының кірісі 64 процент болған. Бір жылдағы табыс 192 млрд теңгеден 315,5 млрд теңгеге жетті. Шығын үлесі 70 процент. Осылайша таза кіріс 34 млрд теңге болды. ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ ЭКОНОМИКАНЫ ТЕЖЕДІ Қытайда металлургиялық компаниялардың акциялары арзандап барады. Бұған энергетикалық тапшылық себеп. Елдегі инвесторлар саладан кете бастаған. Өндіріс орындары жұмысын тоқтатуға мәжбүр. «Оның салдары Қытай экономикасын тығырыққа тіреуі мүмкін», - дейді сарапшылар. Түсті металл, болат және химиялық өндіріс иелерінің акциялары тәулігіне 3-5 процентке дейін түсіп жатыр. Енді жергілікті билік темір жол компанияларына көмір тасымалын арттыруды талап етіп отыр. Олар өз кезегінде сұраныс пен ұсынысты жіті бақыламақ. Ал Goldman Sachs және Nomura сарапшылары болжамын өзгертті. Оған сай, Қытай экономикасы биыл өспейді. Бұған электр қуатының жетіспеушілігі себеп. КРИПТОВАЛЮТА ЖАРЫҚТЫҢ ЖАУЫ Ал биткоин мемлекет болса, жылдық электр қуатын тұтыну көрсеткіші бойынша 32 орынға тұрақтар еді. Кембридж университеті жүргізген зерттеуге сай, биыл өндіріске 120 тераватт сағат электр қажет екен. Үш жыл бұрын 29 тераватт қана болған. Сарапшылар криптовалюта өндірісіне күдікпен қарай бастады. Олар бұл үрдіс жаһандағы климаттық өзгерісті жеделдетеді деп қауіптенеді. Оның салдарын қазірден сезініп жатқан мемлекеттер бар. Әлемде ауаны ластаушылармен күрес басталды. Ал олардың қатарында майнерлер де бар. Тәулік бойы қосылып тұратын мыңдаған компьютер энергия тапшылығына алып келді. Мамандардың есебінше, әлемдік энергия тұтынудың жартысы биткоин өндірісіне тиесілі. Қазір Малайзия, Швеция, Норвегия, Беларусь сынды елдерде энергия тапшылығын сезе бастаған. Тәуекел мұнымен шектелмейді. Халықаралық валюта қоры да Сальвадор мемлекетіне биткоиннан бас тартуды ұсынады. «Себебі бұл бастама қаржылық тұрақсыздыққа алып келеді» - дейді. Сарапшылардың енді бірі 2022 жылдың басында негізгі криптовалюта құны 100 мың доллардан асатынын болжады. ЖОМАРТ ЖҰМА Әйгілі брендтер өнім сапасына баса мән беру керек. McKinsey компаниясының зерттеушілері осындай шешімге келді. Карантиннен кейін халықтың бұйым, киімдерін жаңартуға ықыласы ауғаны рас. Әсіресе онлайн сауданың дәурені жүріп тұр. Халықтың тауар сапасына қатысты пікір қалдыруы да қалыпты жағдайға айналды. Осылайша тұтынушылар жарнамадан гөрі өзге тұтынушылардың пікіріне қарап, пайымдайтын болған. Бұл рейтингке әсер етеді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, соңғы 15 жылда сатып алушылар таңдауы құбылып отырған. Сондай пікірлердің арқасында әйгілі емес брендтердің сапалы тауары да сұранысқа ие болды. Бұл ақпаратты тегін айтып отырғам жоқ. Бүгін әлемде «Жомарт жұма» басталды. «Жаппай сатылым» берекелі өтуі үшін сарапшылар кеңесін қаперіңізге алыңыз. Сенімді пікірлер сәтті саудаға себеп болсын.