Алматы облысында аса ауыр сыбайлас жемқорлыққа барған шенеунік қамауға алынды

349
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысының Кәсіпкерлік және Индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысына және мердігерлік ұйымның басшылығына қатысты аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасы хабарлады.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, басқарма басшысы ЖШС басшылығынан жұмыстарды мемлекеттік сатып алу бойынша ЖШС-ін байқау жеңімпазы деп тану және "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражат есебінен салынған объектіде орындалған жұмыстардың көлемін әрі қарай кедергісіз қабылдау үшін облыс аумағында объект салу бойынша 666 млн теңгені құрайтын шарт сомасының 15% есебінен "кері қайтару" ретінде ала келісілген 90 млн теңгеден 33 500 АҚШ доллары сомасында пара алды деген күдікке ілінді. 


"Лауазымды тұлға, мердігер ұйымның құрылтайшысы мен директоры аса ірі көлемде пара алу және беру күдігі бойынша ұсталып, Алматы облысының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде", – деп атап өтті агенттікте. 
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етілмейді.
 Тергеу жалғасуда.