Жылдық инфляция 16,1%-ке жетті
519
Қазақстанда тамыз айында жылдық инфляция 15%-тен 16,1%-ке дейін жеделдеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
"Жылдық мәнде инфляция 16,1%-ке жетті. Инфляцияға ең жоғары үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосты. Азық-түліктің жылдық инфляциясы 20,8%-ке дейін жеделдеді", - деді ол үкімет отырысында.
Импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция да 15,5%-ке дейін үдеген. Ақылы қызметтер инфляциясы 10,1%-ке жетті. Монополист-кәсіпорындар көрсететін қызметтердің тарифі 2022 жылғы 1 шілдеге дейін тарифтерді көтеруге қойылған мароторийдің аяқталуына байланысты барлық өңірде дерлік өзгерді, деп жалғастырды Баймағамбетов.
"Осы жылдың қорытындысы бойынша жаңартылған болжамдарға сәйкес инфляция 16-18% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл біздің алдыңғы болжамдарымыздан жоғары", - деді ол.
2023 жылы инфляция базалық сценарий кезінде 7,5-9,5%, 2024 жылы 5,5-7,5% деңгейінде болжанып отыр.