Қазақстан мен Қытай газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ
Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы төрағасының мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген China National Petroleum Corporation (CNPC) директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесу өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиында энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жобаның ағымдағы кезеңін талқылап, нысанды уақытылы пайдалануға беру үшін жаңғырту қарқынын жеделдету ниетін растады.
Шымкент МӨЗ-ін кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту шаралары қаралды. Қазір қазақстандық және қытайлық сарапшылар қажетті есептерді жүргізіп жатыр.
Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Дай Хоулян «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бірінші желісін салу және іске қосу бойынша табысты жүзеге асырылған бірлескен жобаны мысалға ала отырып, газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективаларына тоқталды.
Үкімет басшысы бірлескен кәсіпорындар табысты әрі экономикалық жағынан тиімді екенін айтты. Сонымен қатар премьер-министр жергілікті тауар өндірушілермен және қызмет көрсетушілермен тығыз өзара іс-қимыл жасау арқылы жергілікті қамту үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
Анықтама үшін, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) әлемдегі ең ірі ТОП-3 мұнай компаниясының қатарына кіреді. Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіне $45 млрд астам қаражат салынған. Ел бойынша CNPC кәсіпорындарында 30 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 98,3%-ы – қазақстандықтар.