ҚР Мәжілісі Қатар мемлекетімен инвестициялар туралы келісімді ратификациялады

2 126

gov.kzҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі келісімді ратификациялауды мақұлдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, құжатта  Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын жобаларға қатарлық компаниялар инвестиция салатын шарттар тізбесі көзделген.

«Келісімді іске асыру жалпы соммасы  $20 млрдқа  жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деді вице-премьер.

Келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда, 9 бірлескен инвестициялық жобаны, оның ішінде «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акциясын «Lesha Bank»-тың сатып алуы жөніндегі жобасын іске асыру қарастырылған.


«Аталмыш жоба Мемлекет басшысының банк саласындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында елге 3 сенімді шетелдік банкті тарту тапсырмасын іске асыруды қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Н.Байбазаров.

«Казахтелеком» АҚ-ның «Мобайл Телеком»-Сервисін» қатарлық «Power International Holding» компаниясына сатуы телекоммуникация саласын ырықтандыруға және бәсекелестіктің өсуіне ықпал ететін болады.


Қуаттылығы жылына 1 млрд, 2,5 млрд және 6 млрд текше метр газ өңдеу зауыттарын салу Қашаған кен орнының ресурстық базасын ұтымды пайдалануға және елдің ішкі қажеттіліктерін жабу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған.


Бұдан бөлек, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін, КС-14 жаңа компрессорлық станциясын, «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистральдық газ құбырын салу, сондай-ақ Қызылорда облысындағы бу-газ қондырғысы базасында электр станциясын және Ертіс өзенінде қуаты 350 МВт-қа дейінгі су электр станциясын салу жоспарлануда.


«Келісіммен қазақстандық тарап қатарлық инвестициялар үшін тұрақты салық режимін, сондай-ақ Қазақстан аумағында қатарлық инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді», - деп түйіндеді министр.