Қызылордада күріш экспортында өсім бар

2 701

Фото: istockphoto.comОрталық коммуникациялар қызметінің брифингінде күріш экспортында өсім бар екенін облыс әкімі мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Сыр өңірінде егін шаруашылығын дамытуда және әртараптандыруда кешенді іс-шаралар қолға алынған. Кейінгі 3 жылда аграрлық саланы қолдауға мемлекет тарапынан 43 млрд. теңге бөлінді. Соңғы 2 жылда 20 млрд. 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. 

Мемлекеттік қолдаудың арқасында машина-трактор паркі жаңартылуда. Үш жыл ішінде 20,9 млрд. теңгеге 680 техника алынды. Осы жылы 8 млрд. 800 млн. теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы әкелініп, машина-трактор паркі 5 пайызға жаңаланды. 

Биыл 6,8 млрд. теңгенің 11 инвестициялық жобасы жоспарланып, құны 6 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын 9 жоба іске асты. Қалған 2 жоба жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің жыл өткен сайын артуына оң ықпал етті, биыл осы көрсеткіш 229 млрд. теңгеге жетеді.

Сыр диқандары биыл 189 мың 400 гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл күріш 85 мың 600 гектарға себіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынды, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды (496,4 мың. тонна).

Статистикалық деректерге қарағанда, 2024 жылдың 1 қыркүйегіне облыстан 28,7 млн. доллардың 52,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 142,9 пайызға артық. Өнімдер әлемнің 17 мемлекетіне жіберілген. Былтырғымен салыстырғанда күріш экспорты 166,9 пайызға артты.

Экспортталған өнімнің 92,1 пайызы, яғни 48 725,7 тоннасы – күріш. Сыр маржаны Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Иракқа жөнелтілді. 

Еске салсақ, соңғы жылдары Сыр диқандары 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеді. Нәтижесінде суды үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға арттырды.

Қызылорда облысы — Қазақстанның негізгі күріш өндіруші аймақтарының бірі. Соңғы жылдары күріш экспортында оң динамика байқалып, облыс республика бойынша күріштің ең ірі экспорттаушысы болып табылады. 

Қызылорда облысы күрішін экспорттауға негізінен Орталық Азия, Таяу Шығыс, Ресей және Еуропа елдері қызығушылық танытуда. Бұл нарықтарға шығарылатын өнімдердің сапасы артқан сайын, экспорт көлемі де ұлғайды. 

Құрылыс және модернизация жұмыстарымен күріш өңдеу және сақтау инфрақұрылымдары да жақсарды. Бұл өз кезегінде экспортқа шығарылатын күріш өнімдерін сақтау және өңдеу тиімділігін арттырды. 

Осылайша, Қызылорда облысының күріш экспорты өсім көрсетіп, Қазақстанның ауыл шаруашылығы экономикасының дамуына маңызды үлес қосуда.