Жалған 5 000 теңгелік купюралар көбейді – Ұлттық банк халықты жалған банкноттан сақ болуға шақырды
Ұлттық банк жалған ақша белгілеріне қатысты қазақстандықтарға үндеу жасап, қолма-қол ақшаны пайдаланған кезде мұқият әрі сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сомасы 465 150 теңге болатын 96 жалған ақша белгісі (93 банкнота және 3 монета) анықталған.
Көбіне 5 000 теңгелік номинал қолдан жасалған. 5 000 теңгелік 85 дана жалған банкнота тәркіленген. Бұл жалпы тәркіленген ақшалардың – 88,5 пайызы.
Осы орайда Ұлттық банк шынайы банкноталарды қолдан жасалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салады.
Жалған банкноталар, әдетте, кәдімгі офсеттік қағазды қолдана отырып, түрлі түсті принтер және компьютерлік техниканың көмегімен жасалады.
Микротекстер бұлыңғыр келеді және ұлғайтқан сайын анықтығын жоғалтады. Жалған банкнотада арнайы белгі жоқ.
Егер шынайы ақша белгілеріне ұқсас күмәнді банкноталар кезігетін болса, дереу құқық қорғау органдарына жүгінген жөн", - дейді Ұлттық банк өкілдері.
Шынайы банкноталарда қарап және қолмен ұстап анықтауға болатын бірнеше қорғаныш белгілері бар. Ол белгілермен Ұлттық банктің ресми сайтында танысуға болады.