Алаяқтардың құрбаны болған азаматтар өз атына рәсімделген несиелерден енді құтыла алады
Қазақстандықтар, алаяқтардың құрбаны болған жағдайда, өз атына заңсыз рәсімделген несиелерді жоюға мүмкіндік алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро”жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Банктер және банк қызметі туралы заңға енгізілетін алдағы өзгерістер туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, несиені жоюға негіз болатын жағдайлар тізімі кеңейтілген. Енді егер ақпараттық қауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы жүйелердің ережелері бұзылса немесе биометриялық тексеріс тіркелмесе, мұндай несиелер сот тәртібімен немесе әкімшілік жолмен жойылуы тиіс.
Жаңа ережелер байланыс саласына да қатысты болмақ. Себебі көптеген алаяқтар қоңырау шалу немесе мессенджерлер арқылы әрекет етеді. Ұлттық банк жанынан бірыңғай антифрод-орталық құрылуда. Ол барлық күмәнді қоңыраулар туралы мәліметтерді жинайды. Байланыс операторлары бұл ақпаратпен алмасып, алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайтын болады.
Сондай-ақ, бұған дейін алынған несиелерді реттеу мәселесі де маңызды болып қала бермек.
Мемлекет басшысы өз жолдауында бұл заңды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын.