Экспорттық нарықта бидай мен ұн тапшылығы артып келеді

2 509

Фото: trainfoto.ruҚазақстанның экспорттық бағыттарындағы теміржол өтімділігінің төмендеуі елдің нарықтағы бидай мен ұн тапшылығын туындатты. Бұл туралы Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов мәлімдеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, темір жолдарда Орталық Азия мен Қытай бағытына жөнелтілуі тиіс астық тиелген вагондар жиналып қалған. Қараша айының соңында ҚТЖ ұлттық компаниясы Сарыағаш станциясы арқылы Орталық Азия бағытындағы вагондарды рәсімдеуге ішінара рұқсат бергенімен, жағдай айтарлықтай жақсармаған.

«Вагондар мен қараусыз қалған пойыздардың нормативтен тыс жиналуы күрделі жағдайды сақтап отыр. Бұл мәселе Орталық Азия бағытына да, Қытай бағытына да қатысты», – деді Карабанов.

Сарапшының дерегінше, ҚТЖ Өзбекстан темір жолдарының инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне сай желтоқсан айына арналған негізгі жоспарларды келісіп қойған.

Бидай бағасына тоқталған сарапшы ішкі нарықтағы баға айтарлықтай өзгермегенін атап өтті.

– 3-сыныпты бидай сапасына қарай тоннасына 85–138 мың теңге,

– 4-сыныпты бидай 76–80 мың теңге,

– 5-сыныпты бидай 70–74 мың теңге деңгейінде болды.

Экспорттық нарықта 3-сыныпты бидайдың бағасы тоннасына 215–298 доллар, 4-сыныпты бидай 200–205 доллар, ал 5-сыныпты бидай 193–197 доллар көлемінде сақталған.

Сарапшылардың айтуынша, сұраныстың тежелуі мен логистикалық қиындықтар шешілмеген жағдайда астық пен ұн тапшылығы одан әрі тереңдеуі мүмкін.