Бірнеше жұмыс істейтін қазақстандықтар да декларация тапсырады
Бірнеше жерде жұмыс істеп, ай сайын жалпы табысы 3 миллион теңге немесе жыл сайынғы еңбекақысы 36 миллион теңгеден асатын қазақстандықтар прогрессивті шкала бойынша жеке табыс салығын төлейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төраға орынбасары Жәнібек Нұржанов жылдық табысы 36 миллион теңгеден асатын қазақстандықтардың осы сомадан 15% жеке табыс салығын төлеуге міндетті екенін айтты.
2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі бойынша жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:
- 10% – табыс 8 500 АЕК-ке дейінгі сомаға (2026 жылға 1 АЕК – 4 325 теңге, 8 500 АЕК – 36 762 500 теңге);
- 15% – 8 500 АЕК-тен асатын табысқа.
Жәнібек Нұржановтың айтуынша, бұл айына 3 миллион теңге табыс табатындарға қатысты. Жалақысы жоғары адамдар үшін салық ставкасы сәйкесінше өседі.
2025 жылғы сәуірде Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Қазақстанда 2026 жылдан бастап жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізілетіні туралы айтты. Сол кезде салық есептілігі бойынша елде ай сайын 3 миллион теңгеден астам жалақы алатын 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер бар екені белгілі болған. Алайда сол кезде тек бір жұмыс орнындағы жалақы есепке алынған еді.







