Серік Жұманғарин фермерлермен агросаланы дамыту жайын талқылады

2 507

Фото:© primeminister.kzВице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қосшы қаласында Ақмола облысының фермерлерімен кездесті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақмола өңірі рекордтық ауыл шаруашылығы көрсеткішіне жетті - жергілікті егіс алқабынан 7,6 млн тонна астық жиналып, республикалық көлемнің төрттен бірінен астамын құрады. Ауыл шаруашылығы өніміндегі үлесі шамамен 15% болған өңірде майлы дақылдардың көлемі алғаш рет 500 мың гектарға жетіп, екі жарым есеге артты. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов майлы дақыл алқабын 580 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын атап өтті. Жалпы егіс көлемі 5,6 млн гектарды құрайды. Кездесудің басты тақырыбы - Салық кодексінің жаңа нормалары мен Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бұл жоспар саланың жүйелі мәселелерін шешуге, өндірістік тізбектің барлық кезеңінде қаржыландыру тапшылығын жоюға бағытталғанын хабарлады. Жоспарды іске асыруға 374 млрд теңге қарастырылған.

Наурыз айынан бері жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» атты жаңа несиелік өнімдер іске қосылды. «Игілік» 100-ден 500-ге дейін ірі қара, 500-ден 1000-ге дейін ұсақ мал шаруашылығы үшін арналған болса, «Береке» 500 бас ірі қара және 1000 бас ұсақ малға арналған ірі шаруашылықтар үшін ұсынылған. Алдағы уақытта басқа мал түрлері бойынша несие бағдарламалары да кеңейтіледі. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда импортқа тәуелділікті азайтып, өңделген өнім өндіру басымдыққа қойылған. Серік Жұманғарин өңірде мал шаруашылығын еліміздің бәсекелестік артықшылығы ретінде дамытуға назар аударылғанын айтты. Кездесу барысында диқандар нақты ұсыныстарын айтты. «Отан Агрофирмасы» ЖШС басшысы Иван Сауэр жер ресурстарын тиімді пайдалану көрсеткішін анықтап, мемлекеттік қолдауда ескеру қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жыл бойы жайылымдық мал шаруашылығын дамытудың маңызы, қолдан ұрықтандыру ісін жетілдіру және отандық асыл тұқымды малды субсидиялау мәселесі қаралды.

Бизнес өкілдері экспортқа арналған астық пен мал шаруашылығы өнімдеріне қатысты мәселелерді көтерді. «Логос Грейн» тобының директоры Арман Құдайбергенов ҚҚС өтеу тетігі мен көліктік субсидияларды төлеу мерзімдерін нақтылау қажеттігін айтты. «Agro Milk Projekt» ЖШС директоры Юрий Швец сүтті мал сатып алып, ТСФ құрылымын өз күштерімен тұрғызғанын, жақын арада тағы 300 бас мал сатып алу жоспары бар екенін жеткізді. Сапар барысында Серік Жұманғарин бірнеше кәсіпорынды аралады. «Алтын Қазық» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімін өсіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейін толық циклді жүзеге асырады. Кәсіпорынның егіс алқабы 12 мың гектар, оның 1 мыңы суармалы. Өндіріс жылына 10 мың тонна ет өнімін береді. Кәсіпорын қазір Катарға қой экспорттауды, БАӘ нарығына шығуды жоспарлап отыр. «IL-TOV» ЖШС зауытында тауық етін терең өңдеудің жолға қойылғаны, мұздатылған жартылай фабрикаттарды шығару көлемінің жылына 3346 тоннаға жететіні хабарланды. Алдағы үш жылда кәсіпорын өндірістік қуатын арттыруды жоспарлап отыр.