Үкімет жаңа Салық кодексінің алғашқы нәтижелерін жариялады
Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстанда жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне еніп, салық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар іске асырыла бастаған. Жаңа өзгерістер нақты секторды қолдау, салық жүктемесін әділ бөлу және мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруды көздейді. Үкіметтің мәліметінше, реформаның алғашқы нәтижелері байқала бастаған. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға артқан. Трансферттерді есептемегендегі бюджет кірістері 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6%-ға орындалған. Сондай-ақ ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мың субъектіге жеткен. Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталған. Банк секторына – 25%, ал аграрлық салаға жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленген. ҚҚС мөлшерлемесі 16% болып бекітілген. Дәрілік заттар, оқу әдебиеттері мен баспасөз өнімдері үшін төмендетілген ҚҚС қарастырылған. Сондай-ақ жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті жүйесі енгізілгенн. Енді жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен (36,7 млн теңге) асатын азаматтар ғана осы сомадан жоғары бөлігіне 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Қалған азаматтар үшін ЖТС мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылған. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автокөліктерге салынатын көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50%-ға төмендетілген. Сонымен бірге І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім көлемі 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Реформа аясында салықтық әкімшілендіру де жеңілдетіліп. Салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқартылған. Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер бизнесті жүргізуді жеңілдетіп, ашық әрі тұрақты экономикалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.







