2021 жылы Қазақстан экспорты 16 пайызға артқан

325
2021 жылдың 8 айының қорытындысында Қазақстан экспорты 16 пайызға артты- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров айтты.

«Біздің кездесуіміздің тақырыбы Ұлттық экономика үшін маңызды болып табылатын өзекті салалардың бірін қозғайды. Ішкі сауданың белсенді өсуін қамтамасыз етуге, бизнесті елдің экспортының өсуіне бағдарланған жоғары сапалы өнім шығаруға ынталандыруға негізделген, дұрыс жолға қойылған сауда саясаты көптеген елдердің тиімді экономикалық дамуының кепіліне айналды. Мемлекет басшысы Қазақстанның сауда-логистикалық әлеуетін нығайту, отандық өнімді өткізетін нарықтарды кеңейту және нарықты отандық өніммен молықтыру үшін жағдай жасау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың номенклатурасын және экспорттың географиясын кеңейту жөнінде міндет қойды», - деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, коронавирустық пандемия жаһандық сауда байланыстарын едәуір әлсіретіп, еліміздің сауда жүйесінің дамуына әсер еткен. Сыртқы сауда айналымы 2019 жылға қарағанда 12 пайызғаға төмендеп, 2020 жылы 86,5 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл ретте экспорт 18, импорт 2 пайызға төмендеген.


«Пандемия сауда секторы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты, елдердің арасындағы шекараны жоя отырып, сауданың дәстүрлі форматтарын біртіндеп ығыстыратын онлайн-сауданың қарқынды дамуына түрткі болды. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанда Интернетте сатып алудың жалпы көлемі 960,8 млрд теңгені құрады. 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсімді көрсетті. Биыл теріс үрдістерге қарамастан, Қазақстан сыртқы саудадағы оң динамиканы сақтап қалды. 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша экспорт 16 пайызға, импорт 2,2 пайызға өсті. Қазақстанның ішкі сауда көлемі де артты . Бөлшек сауда 6, көтерме сауда 11 пайызға артты», - деді ол Үкімет сағатында.