Облыс әкімі инвестиция тарту мәселесін талқылады
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Түркиялық «Ardent Plastik» және «Nigde Plastik» компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Азми Берк Алтунташпен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында тараптар су үнемдеу технологиялары, агро-индустриялық даму және шетелдік инвестицияларды тарту мәселелерін талқылады. Бұл келіссөз өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Облыс әкімі Қызылорда өңірі бүгінде агро-индустриялық бағытта тұрақты дамып келе жатқан, инвестициялар үшін қолайлы климат қалыптасқан аймақ екенін атап өтті.
«Біз әрбір инвесторды қолданыстағы заңнама аясында толық қолдауға дайынбыз. Қажетті инфрақұрылым желілері қолжетімді, ал облыс әкімдігі техникалық және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге әзір», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесу барысында әкім шетелдік компанияның су үнемдеу технологиялары саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық білдіріп, бұл бағыттағы ықтимал жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Өз кезегінде Азми Берк Алтунташ облыстың инвестициялық ахуалына оң баға беріп, «Өндіріс» индустриялық аймағының инженерлік инфрақұрылымымен танысқанын және Қызылорда облысымен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
«Біз жаңа нарықтар іздеп қана қоймай, өзіміздің тәжірибемізді бөлісуге, әлеуметтік және технологиялық тұрғыда пайдалы жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді компания басшысы.
Бұл кездесу – өңір мен шетелдік бизнес өкілдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың бастамасы ғана. Қос тараптың пікірі мен ниеті тоғысқан жағдайда, Қызылорда облысы су үнемдеу және ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында жаңа жобалармен толықпақ.