11 айда мемлекеттік бюджетке 10 трлн теңге кіріс түсті

357
2021 жылдың 11 айында мемлекеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге сомасында кіріс түсті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

«Мемлекеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 103,6 пайызға атқарылды. Республикалық бюджетке 6,7 трлн теңге түсті немесе жоспар 101,7 пайызға орындалды. Жалпы кіріс жоспары 109 млрд теңгеге асыра орындалды.

Оның ішінде салықтар - 51 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер - 54 млрд теңгеге. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі», - деді министр. Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 686 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 73,2 пайызға ұлғаюына байланысты болды. Шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажы бойынша жоспардың асыра орындалуына осы жылғы 11 айда мұнай бағасының орташа есеппен 48,7 пайызға қымбаттауы әсер етті. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда осы жылғы 11 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 27 пайызға өсуі ықпал етті.

«Салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды асыра орындау негізінен мемлекеттік меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер және мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар есебінен қамтамасыз етілді», - деді ол.

Министрдің дерегінше, ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда осы жылғы 11 айда қосылған құн салығын қайтару сомасының 340 млрд теңгеге немесе 62 пайызға ұлғаюына байланысты болады.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 107,5 пайызға атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады. Жоспар 243 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша 202 млрд теңгеге асыра орындалды. Жоспарлар негізгі салықтардың барлық түрлері бойынша асыра атқарылды», - деді Ерұлан Жамаубаев.