Мемлекет басшысы елімізде микрочип өндірісін бастауды ұсынды

284
Әлемдік машина жасау нарығында микрочиптер мен компьютерлік құралдардың тапшылығына қатысты жүйенің жиі істен шығу деректері байқалады. Бұл алпауыт елдердің өзінде біраз кедергілер туындатып үлгерді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Әлем бойынша электронды қызметтер мен өнімдерге сұраныс кейінгі 3 жылдан бері артып келеді. Инновациялық әрі технологиялық бұйымдар жасау секторында, қызу бәсекелестік бар. Осы ретте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп, микрочип яғни электрлі шағын жүйелер және компьютер бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салса ұтымды болар еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында осындай ұсыныс жасады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:  

– Осыған байланысты Үкіметімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды ұсынамын. Кәсіпорындарымыздың сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы тасымал мәселесін дамытуды, «жүрдек» трансқұрлықтық дәліздерді ретке келтіруді, олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді өзекті санайды. Экономикалық одақтың тауар өткізу желісін құрудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстан екі жылдан бері көтерме-тарату орталықтарының ұлттық желісін құру жұмыстарын жүргізіп келеді.

 Президенттің айтуынша, Қазақстан ұйымға мүше елдердің тауар өткізу жүйесін қалыптастыруға және интеграциялауға белсенді атсалысуға дайын. Жылды қорытындылайтын отырыс бейнеконференция форматында өтті. Биыл кеңеске Қазақстан төрағалық еткен. 2022 жылы жауапты міндетті Қырғыз елі атқарады.