Биыл автожол саласындағы жобаларға 601 миллиард теңге бөлінді

587
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев: Қазақстан жолдарының 11500 шақырымында құрылыс және жөндеу  жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

«Биыл автожол саласындағы жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 601 миллиард теңге бөлінді. Жалпы қолданыстағы автожолдардың 11500 шақырымында құрылыс, реконструкция және жөндеу жүргізіліп жатыр», - деді Қ. Өскенбаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, биыл құрылыс және реконструкциялау бойынша 4300 шақырым болатын 18 жоба іске асырылып жатыр, оның 15-і өтпелі және 3-уі жаңа жоба. Жыл соңына қарай 1600 шақырым жолдағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған: Талдықорған - Өскемен (579 шақырым), Қарағанды – Балқаш (93), Балқаш – Бурылбайтал (127), Бурылбайтал-Кұрты-Қапшағай (62), Ұзынағаш – Отар (38), Мерке – Бурылбайтал (118), Ақтөбе – Қандыағаш - Мақат (246), Атырау - Астрахан (40), Қалбатау – Майқапашағай (143), Үшарал - Достық (147), Қостанай – Денисовка (24), Павлодар-Семей (10), Шамалған (6). 1400 шақырымда көлік қозғалысын ашу көзделген: Талдықорған – Өскемен (189), Қарағанды – Балқаш (270), Балқаш – Бурылбайтал (161), Бурылбайтал-Кұрты-Қапшағай (107), Ұзынағаш – Отар (41), Қандыағаш - Мақат - Атырау (96), Атырау – Астрахан – (134), Қалбатау – Майқапашағай (158), Мерке – Бурылбайтал (82), Қостанай – Денисовка (19), Үшарал - Достық (3), Шамалған (6), Петропавл – РФ шекарасы (16), Қызылорда – Жезқазған (90), ҮАААЖ – (66 шақырым).

Бұған дейін Индустрия министрі 2025 жылға дейін республикалық жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 100 пайызға жететінін айтқан еді. Сонымен бірге, елдегі көлік-транзиттік әлеуетін арттыру үшін Қазақстан арқылы өтетін 8 көлік дәлізі жаңғыртылады.