Елімізде барбарис пен ирис шығарылмайтын болды
564
Еліміздегі "Рахат" фабрикасы бірнеше кәмпит түрін алдағы уақытта шығармайтын болды. Жұмыс уақытша тоқтатылған.
Бұл қант тапшылығына тікелей байланысты, деп хабарлайды Экспресс К.Қазақстандағы тәтті өнімдерімен таныс фабриканың қант тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатқаны жайлы Forbes жазды. Ақпаратқа сүйенсек, бұл процесс уақытша. Десе де, халық арасында қатты сұранысқа ие карамель кәмпиттер нарықта біршама уақыт болмайды.
"Барбарис", "ирис" сынды кәмпиттер өндіретін Шымкенттегі фабрикамыз қант тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатты. Шамамен шілде айына дейін осы секілді бірқатар тәтті өндірілмейді,— дейді фабриканың басқарма төрағасы Константин Федорец.
Сондай-ақ, ол бұл мәселе Ресейден келетін қантқа тоқтау салуына байланысты екенін де айтты. Ал қазақстандық өндірушілердің қанты тек фабрика сұранысының 30 пайызын ғана жабатын көрінеді. Сол себепті өзге мемлекеттерден импорттау мәселесі қарастырылуда. Десе де, бұл бағаға қатты әсер етеді.
Басқа мемлекеттен қант жеткізу өте қиын. Акцизіне сай әр тоннасына 35 пайыз қымбат баға жүреді. Десе де қазір Бельгиядан мемлекет тарапынан 1600 тонна үнді қантын жеткізуге жеңілдік алдық. Бірақ бұл бәрібір аз,— дейді ол.