«Солярканы» көп алғысы келгендерге литрі 450 теңгеден сатылады - Ақшолақов

281
Энергетика министрлігі транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«Бұйрық жобасына сәйкес біздің азаматтарымыз үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда – күніне лимит 100 литр дизель отыны үшін қазіргі бағамен 1 литріне 230-260 теңге, сондай-ақ жүк көлігі үшін – егер жүргізуші куәлігі және көлік құралының Қазақстанда тіркелгенін растайтын тіркеу куәлігі мен құжаттары бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемдерден артық дизель отыны үшін 1 литрі 450 теңгеден сатылатын болады», - деді Ақшолақов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, бұйрық жобасы 18 тамызға дейін Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтына онлайн талқылау үшін орналастырылған. Күзгі дала жұмыстары кезінде дизель отыны тапшылығын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен  үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдіктері мен Республикалық жанар-жағармай құю станциялары желілерінің қатысуымен бірқатар жиналыстар өткізілген.

«Дизель отынына деген үлкен сұраныстың қалыптасу мәселесін шешу үшін барлық ресурстар, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және автожанармай құю станцияларына бөлінетін болады. Екінші кезекте, қалған жанар-жағармай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолына бөлініп, жетпеген жағдайда –  қажетті көлемдер импортталады. Қазіргі уақытта отандық мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарының мерзімдерін оңтайландыру және ауыстыру, сондай-ақ жүктемені ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ анықтама ретінде атап өткім келеді: шілде айында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажеттілігіне 106,6 мың тонна дизель отыны, тамыз айында –  160,7 мың тонна, қыркүйекте тағы 123,6 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтіледі», - деді ол.

Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін  ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген баға – 1 тоннасына 222 мың теңгені (литріне 184 теңге) құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін барлық жоспарланған көлемдер толық орындалады. Бұл көлемдерді негізгі жеткізушілер –  Қазмұнайгаз бен Петросан.