Қазақстанда ұн бір жылда 37%-ға қымбаттаған – Зерттеу
Қазақстанда ұн өндірісі 1,5%-ға өскенімен, баға 37%-ға көтерілді. 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында елде дәнді дақылдардан 1,6 миллион тонна ұн өндірілген, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Аймақтар бойынша ұн өндірісінен Қостанай облысы көш басында тұр (552,4 мың тонна, бір жылда 7,4% артқан). Үздік үштік қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (164,5 мың тонна, бір жылда 10%-ға артқан) және Шымкент (141,5 мың тонна, 14,9%-ға кеміген) қаласы да бар.
2021 жылы елде 3 миллион тонна ұн өндірілген, бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10,3%-ға аз.
Отандық өндірушілер ішкі нарықты 98,9%-ға қамтамасыз етіп отыр. Импорт 2,4 есеге өскен, яғни 14,4 мың тонна ұн сырттан әкелінген.
Экспорт көлемі 764,7 мың тоннаға тең. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен бірден 36,2%-ға көп. Ішкі нарықтағы сатылым 21,3%-ға қысқарып, 551,7 мың тонна болды.
2022 жылдың қаңтар-маусым айларында экспорт құны 292,6 миллион долларға жетті, яғни 86,8%-ға өскен.
ТМД елдеріне 212,7 мың тонна ұн жіберілген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 15,1%-ға көп. Қазақстан ұнының басым бөлігі Өзбекстанға (158 мың тонна немесе 17,6%) жіберілді. Алғашқы үштікте Түркіменстан мен Тәжікстан бар.
ТМД құрамына кірмейтін елдерге 552 мың тонна ұн жіберілді, құны 223,7 миллион доллар. Дегенмен бұл ұнның 551,5 мың тоннасы Ауғанстанға ғана жіберілген, өткен жылмен салыстырғанда бұл 47,1%-ға көп.
Шілдеде ұн бағасы бір жылда 36,6%-ға көтерілді. Бірінші сұрыпты ұнның келісі 225 теңгеге сатылса, жоғары сұрыптағы ұн 343 теңгеге саудалануда.
Ірі қалалар арасында ұнның ең жоғарғы бағасы Нұр-Сұлтанда (424 теңге) тіркелді. Ең арзан ұн Павлодар қаласында (келісі үшін 222 теңге).