Президент олимпиадасының республикалық кезеңіне 192 оқушы өтті

461
Жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша Президент олимпиадасының республикалық кезеңіне 192 оқушы қатысады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Олимпиаданың үшінші кезеңі 29 қарашадан 2 желтоқсанға дейінгі аралықта академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтеді.

Олимпиаданың бірінші кезеңіне 3 мыңға жуық оқушы қатысты. Балалардың олимпиадаға қатысу көрсеткіші өсіп келеді.

Олар математика, биология, химия және физика пәндері бойынша жарысқа түсті.

Байқауға бұрын республикалық және халықаралық пән олимпиадаларына қатыспаған 11 (12) сынып оқушылары қатыса алатынын еске сала кетейік.

«Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады және грант бөлуде басым құқыққа ие болады. Мысалы, былтыр министрліктің бастамасымен Қазақстанның 20 ЖОО осы олимпиада жеңімпаздарына 50-ге жуық грант бөлді. Министрлікке қарасты «Дарын» орталығының өкілдері жоғары оқу орындарын білім грантын бөлу бастамасын қолдауға шақырды. Осылайша, биыл Қазақстан-Британ техникалық университеті жеңімпаздарға 9 грант, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 5 грант бөлді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 2 желтоқсанда өтеді.