Отандық ғалымдарға жаңа сыйлықтар тағайындалмақ

1 865

Еліміздің ғалымдарына үздік ғылыми жұмыстары мен зерттеу саласындағы зор жетістіктері үшін жаңа сыйлықтар мен мемлекеттік стипендиялар тағайындалмақ, - деп хабарайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Ғылым және жоғары білім министрінің тиісті бұйрық-жобасында жазылды. 


Ведомство басшысының бұйрығына сай, енді ғалымдарға жыл сайын мына сыйлықтар тағайындалады:

  • жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеу үшiн Қ.И.Сәтбаев атындағы 1 сыйлық;
  • гуманитария ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеу үшiн Ш.Ш.Уәлиханов атындағы 1 сыйлық;
  • аграрлық ғылым саласындағы үздiк ғылыми зерттеу мен жұмыс үшiн А.И.Бараев атындағы 3 сыйлық;
  • педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеу мен жұмыс үшiн Ы.Алтынсарин атындағы 1 сыйлық;
  • түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы 1 сыйлық;
  • жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған Д.А.Қонаев атындағы 1 сыйлық;
  • гуманитария ғылымдары саласындағы үздiк жұмыс үшiн жас ғалымдарға арналған М.О.Әуезов атындағы 1 сыйлық.


Сонымен қоса, 75 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалады. Оның 50-і жасы 35-ке дейінгі талантты жас ғалымдарға беріледі.


«Жыл сайынғы сыйлықтарды және мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетістіктері үшін ғылыми қызметкерлер ұсынылуы мүмкін. Сыйлықтарды алу үшін жұмыстар ұсыну құқығы меншік нысанына қарамастан ҚР ғылыми ұйымдарының және жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының консультативтік-кеңесші органдарына жіберіледі. Сыйлық алуға жеке авторлар, сондай-ақ саны 5 адамнан аспайтын авторлар ұжымының жұмыстары ұсынылуы мүмкін. Әр автор және авторлар ұжымы конкурсқа тек 1 жұмыс ұсынуға құқылы. Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетiн сыйлықтарға ие болған жұмыстар осы сыйлықтарды алу конкурсына қатысуға жiберiлмейдi. Сыйлыққа алу үшін жұмыс 2 реттен артық ұсынылмайды. Ұжымдық жұмыстардың авторларына сыйлықтың ақшалай бөлiгi тең үлеспен төленедi», - делінген құжатта.


Құжаттарды қарау және сыйлықтарды тағайындау бойынша конкурстық комиссия құрылады және соның шешімі негізінде жеңімпаздар анықталады.


Бұйрық жобасы 18 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.