ҰБТ кезінде ереже бұзушылық анықталды

2 131

Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаннан бері 116 мыңға жуық сынақ өткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2025 жылғы 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ аясында талапкерлердің 72 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 28 пайызы орыс тілінде тапсырса, 114 үміткер сынақты ағылшын тілінде тапсырған.

Екінші аптаның қорытындысы бойынша тест тапсырушылардың 66,8 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 64 балл болды. Ең жоғары нәтиже – 140 балл Түркістан облысының талапкері Әбілхан Жәнібектің еншісінде. 

Ол бұл көрсеткішке тестілеудің алғашқы аптасында қол жеткізген.

Министрлік мәліметінше, талапкерлер арасында ең көп таңдалған пәндер комбинациясы – «Математика-Физика» (19%), «Шығармашылық емтихан» (15%) және «Биология-Химия» (14%).

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында 384 үміткер ҰБТ-ға қатысқан.

ҰБТ-ны өткізудің алғашқы аптасында 142 ереже бұзушылық фактісі тіркелген. 68 талапкер тыйым салынған заттарды – смартфондар мен шпаргалкаларды – аудиторияға алып кірмек болғаны үшін тесттен шеттетілді. Тағы 74 адам тестілеу барысында ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Өзге тұлғаның орнына кіру деректері тіркелмеген.