Қазақстан мен Өзбекстан білім беру ынтымақтастығы бойынша жаңа келісімге қол қояды

484
Қазақстан мен Өзбекстан білім беру саласындағы ынтымақтастық шеңберінде жаңа келісімге қол қояды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидовтың Нұр-Сұлтан қаласындағы кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзбекстаннан келген делегацияның басты мақсаты – қазақстандық білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтармен танысу.

Өзбек тарапы бұған дейін екі ел арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге 1994 жылы қол қойылғанын атап өтті. Әңгіме барысында министр жаңартылған құжат екі республика арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа деңгейге шығаруға ықпалдасатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстанға келген Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі ең алдымен елордалық мектептерді аралады.

«Менің ойымша, келісім жобасын дайындау кезінде екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының барлық спектрі қамтылғаны жөн. Бұл — мұғалімдерді даярлау, біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу мәселелері. Біз мұғалімдеріміздің Қазақстанға сапарын ұйымдастырып, қазақстандық мұғалімдерді Өзбекстанға шақыра алар едік. Бұл тәжірибе мен пікір алмасу барысында пайдалы болады деп ойлаймын. Мен бірқатар қазақстандық мұғаліммен сөйлестім. Олардың әрқайсысы жұмыстарын зор құлшыныспен атқарып, өз елінің болашағы үшін алаңдайтынын байқадым. Мұғалімдер білімді қалай берген жөн, оқушыны тұлға ретінде қалыптастырудың маңыздылығы туралы ойланады екен», – деді Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидов.

Астаналық мектептерді аралау барысында Бахтиер Саидовқа оқу процесіне интеграцияланған білім беру бағдарламалары мен цифрлық жобалар таныстырылды. Сондай-ақ Б. Саидов қазақстандық мектептердегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жан басына қаржыландыру жүйесімен танысты.

Б. Саидов Өзбекстанда мектептердегі білім беру саласын жетілдіру үшін жеке мектептер арасындағы бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік беретін қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жүйесі де, сонымен бірге жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу де зерделенетінін атап өтті.