Тәуелсіздік жылдарында ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қоры қалай жаңартылды

713
1991 жылы еліміздің бас кітапханасы «Ұлттық кітапхана» болып аталып, ерекше құнды мәдени нысан ретінде мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана Қазақстандағы ең ірі мәдени, білім беру және ақпараттық орталығы. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Бақытжамал Оспанова ҚазАқпарат тілшісіне кітапхананың кітап қоры, қордың осы кезең ішіндегі қалыптасуы мен жаңаруы, оқырмандар арасында қандай туындылар үлкен сұранысқа ие екендігі туралы айтып берді.

- Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Ұлттық кітапхана қоры қандай туындылармен, әдебиеттермен толықты?

- Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – ұлттық және әлемдік рухани мұраны жинақтайтын және сан мыңдаған оқырманның ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған ағартушылық қызметті жүзеге асырып отырған бірегей мәдениет орталығы.

Ұлттық кітапхана еліміздің басты мемлекеттік кітап сақтаушы қоймасы болып табылады. Кітапхана қоры әмбебап, онда барлық тақырыптық бағыттағы және білімнің барлық саласын қамтитын құжаттар, әлемнің әр түрлі тілдеріндегі әдебиеттердің барлық түрлері бар, ол, шын мәнінде халқымыздың баға жетпес мұрасы болып табылады. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде оқырмандар саны күннен күнге артып, олардың ақпаратқа еркін және шектеусіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қоры отандық және шетелдік әдебиеттермен толықтырылды.

Қорды өзекті әдебиеттермен қалыптастыру - кітапхананың негізгі басымдықтарының бірі. Біздің оқырмандардың ақпараттық қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыру мақсатында жыл сайын кітап қорын ғылыми, тарихи, ғылыми-көпшілік және қазіргі заманғы тақырыптар бойынша жаңа отандық және шетелдік әдебиеттермен, сондай-ақ, мәдени, ғылыми және көркем құндылығы жоғары басылымдармен, басқа да ақпараттық ресурстармен толықтыру өте маңызды.

Қорды толықтырудың негізгі көзі – Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарына сәйкес басылымдардың міндетті тегін даналары, олар ұлттық репертуарды барынша толық қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондай-ақ, қор «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» және «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламалары, сатып алу (әдебиеттер мен мерзімді басылымдарды сатып алу), сыйға тарту, халықаралық кітап алмасу және т.б. жолдар арқылы толықтырылады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасына сәйкес қорға негізінен қоғамдық-саяси, ғылыми, анықтамалық, оқулықтар және көркем әдебиеттер түседі. Сыйға берілген басылымдар қорды толықтырудың тұрақты көзі болып табылады. Сыйға тартқан әдебиеттердің көмегімен кітапхана қоры бұрынғы жылдардағы қорда жоқ басылымдармен ғана емес, сонымен қатар, қағаз және электронды тасымалдағыштағы жаңа құжаттармен толықтырылады. Авторлар өз кітаптарын қорға тапсыру үшін арнайы әкеледі немесе пошта арқылы жібереді, сонымен қатар, жаңа кітаптардың тұсаукесерлері кезінде кітаптарын сыйға тартады.

Белгілі қайраткерлер, ақын-жазушылардың жеке кітапханаларынан да әдебиеттер қорға тапсырылады, мысалы, Қазақстанның көрнекті жазушылары Сәбит Мұқановтың, Мұзафар Әлімбаевтың, Қалижан Бекхожиннің, Герольд Бельгердің және Әзілхан Нұршайховтың жеке кітапханаларынан құнды әдебиеттер, бұрынғы дипломат, елші Болатхан Тайжановтың жеке кітапханасынан бірегей ғылыми басылымдар тапсырылды. Мұндай мысалдар өте көп.

Ұлттық кітапхана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдардың депозитарийі болып табылады. Бұл басылымдар бірегейлігімен және қайталанбас туындыларымен ерекшеленетін халқымыздың қазіргі мәдени мұрасының ажырамас байлығына, рухани қазынасына айналды. Бүгінгі таңда бұл кітаптар кітапхана оқырмандары арасында жоғары сұранысқа ие, олар тарих, археология, философия, педагогика, саясат, сәулет, экономика, заң, этнография және мәдениет туралы кітаптар, энциклопедиялық сөздіктер, анықтамалықтар және қазақстандық жазушылардың көркем шығармалары. Олардың ішінде 100 томдық қазақ фольклорының жинағы «Бабалар сөзі», 20 томдық «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра» сияқты бірегей сериялар, 20 томдық «Әдеби жәдігерлер», 14 томдық «Тарих - адамзат ақыл-ойының қазынасы, 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Адамзат ақыл-ойының қазынасы. Психология», «Қазақтың ата-заңдары» және басқалары, сонымен қатар, қазақ тіліне аударылған әлем классиктері үздік туындыларының аудармаларынан тұратын «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы, «Әлемдік саясаттану антологиясы», «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» және т.б. Сондай-ақ, Орта ғасырлардағы әуендер, оның ішінде күйлер, тарихи өлеңдер зерттеліп, дәстүрлі әндер антологиясы шығарылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы шын мәнінде ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды түгендеп, қайта жаңғыртуда айрықша үлес қосқан маңызды жоба болды.

Оқу залында оқырмандарға «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 537 атаумен басылып шыққан көркем және салалық әдебиеттер қолжетімді. Бағдарлама аясында Ұлттық кітапхана мамандары Қытай, Монғолия, Германия, Ресей, Ватикан, Франция, Армения, т.б. елдердің мұрағаттары мен кітапханаларынан жазба деректерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған ғылыми-іздестіру экспедиция жұмыстарына қатысып, нәтижесінде қазақ халқының тарихына, этнографиясына, мәдениеті мен өнеріне қатысты бұрын ғылыми ортаға беймәлім көптеген құнды құжаттар мен деректер әкелінді.

Ұлттық кітапханада 2012 жылдан бастап Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) депозитарийі жемісті жұмыс істейді, оның мақсаты - этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми жұмыстар, зерттеулер қорын қалыптастыру және насихаттау. Депозитарийде жинақталған деректі және көркем әдебиеттер біздің еліміздің аумағында өмір сүріп жатқан түрлі этностардың тарихы мен қазіргі өмірін бейнелейді, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды депортациялау үрдістерін, олардың рухани мәдениеті, дәстүрлері мен өнерінің дамуын ашып көрсетеді.


- Шет елдерден қандай және қанша кітап сатып алынды?


- Кітапхана қоры Халықаралық кітап алмасу қызметі мен бірқатар жобалар аясында алыс және жақын шетелдерден келетін басылымдармен де толықтырылады. Мысалы, «Еуразия қоры» жобасы бойынша АҚШ-тың жетекші баспаларынан ағылшын тіліндегі кітаптар, «Қытаймен танысу» ауқымды бағдарламасы бойынша ағылшын және қытай тілдерінде қытай философиясы, заң ғылымдары, тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша басылымдар түсті, «Пушкин кітапханасы» мегажобасы бойынша біз өз қорларымызды Ресейдің жетекші баспаларының соңғы өнімдерімен, мәдениеттану, философия, заң, экономика, лингвистика, әдебиеттану және т.б. заманауи және өзекті басылымдармен толықтырдық. АҚШ (JDP) «Журналдарды тарту ету» жобасы бойынша өнер, дизайн және мәдениет туралы басылымдар, «Жапония туралы кітаптар сатып алу» халықаралық жобасына сәйкес қорымыз Жапония туралы ағылшын тіліндегі құнды басылымдармен толықтырылды, оларды «Japan Foundation» ақпараттық-ресурстық орталығы тапсырды.

«Түркі әлемі кітапханаларына кітап сыйлау. Кітап - ең сенімді көпір (Қазақстан)» ILESAM ғылыми-әдеби шығармалар авторларының түрік кәсіби бірлестігі жобасы аясында Түркия тарихы мен ғылымына, көркем әдебиетіне қатысты 5000-нан аса кітап, балалар басылымдары және анықтамалық басылымдар, сөздіктер, энциклопедиялар, сонымен қатар, медициналық, әлеуметтік маңызды, ғылыми-көпшілік журналдармен толықтырылды. Кітаптар TIKA Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі мен Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен тапсырылды.

Дүниежүзілік банк, Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық департаменті, Еуразиялық даму банкі, Ислам даму банкі және Біріккен Ұлттар Ұйымы экономика және заң әдебиеті бойынша ағылшын және орыс тілдеріндегі кітаптар жинағын тұрақты түрде сыйға тартады. Алматыдағы Гете Институты кітапханаға үнемі қолдау көрсете отырып, қорды толықтыру мақсатында неміс тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарды тегін тапсырады.

Халықаралық кітап алмасу жобасы аясында шет мемлекеттер - АҚШ Конгресс кітапханасынан, Германия, Италия, Болгария, Франция, Польша, Түркия, Чехия, Қытай, Үндістан, Моңғолия, Пәкістан, Таиланд, Вьетнам, Корея, Ресей және ТМД елдерінің ұлттық кітапханаларынан кітаптар түсіп отырады.

Кітапхана қоры кітапханада орналасқан шет елдердің кітап бұрыштарын толықтыру есебінен де толықтырылады, бүгінгі танда Түркия, Қытай, Ресей, Иран, Пәкістан, Корея және Үндістанның кітап бұрыштары жемісті жұмыс істеуде. Кітап бұрыштарының мақсаты - осы аталған елдердің ұлттық мәдениеті, тарихы және ана тілдеріндегі әдебиеті туралы насихаттау және ақпараттандыру. Әр бұрыштың осы елдердің дипломатиялық өкілдіктері толықтырып отыратын қосалқы кітап қорлары бар.

- Ұлттық кітапхананың бай қорында бүгінгі күні қанша кітап бар?

- Кітапхана қорында ұлттық және әлемдік мәдениеттің ең құнды жазба ескерткіштері бар. Мұнда қазақ кітаптарының және Қазақстан туралы кітаптардың, өзге де бірегей топтамалар мен жинақтардың, қолжазбалық құжаттардың, бейнелеу өнері туралы басылымдардың, картографиялық, ноталы-музыкалық басылымдарды, сондай-ақ заманауи құжаттардың ең толық жиынтығы жинақталған. Кітап қоры әртүрлі тасымалдағыштардағы және әлем халықтарының 123 тілінде 7 миллионнан астам басылымдар бірлігін құрайды.

Кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында 40 мыңнан астам құжат бар, олардың 1000-нан астамы қолжазбалар. Біз зерттеушілер үшін ғылыми қызығушылық тудыратын ХІІ-ХІХ ғасырлардағы тарих, география, медицина, математика, философия, лингвистика және басқалар бойынша шығыс қолжазбаларының бай қорымен мақтана аламыз. Қолжазбалар араб, парсы, түркі, түрік, өзбек, шағатай және басқа тілдерде жазылған.

Қорда сақталған қолжазбалардың ішіндегі ең құндылары - куфа жазумен жазылған XIІ ғасырдың Құраны, түркі жазба ескерткіші - Фирдоусидің шағатай тіліндегі «Шахнаме» (XVIII ғ.) туындысы, 2003 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізіліміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтер» (2 қолжазба, XIX ғ.), «Рисала: Миратул-қулуб» (XVIII ғ.), «Насабнама»: Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі туралы шежіре (XVII ғ.) және Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтер» (XVI ғ.) қолжазба кітаптары болып табылады. 2019 жылы ұзақ жылғы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмат ал Хазрет Сұлтан-Гарифин» қолжазбасының аудармасы мен факсимилесі алғаш рет жарық көргенін айта кеткен жөн.

Құран топтамаларының ішінде араб тіліндегі «насх» жазуымен жазылған XVIII ғасырдағы ең үлкен «Құран» (1042 бет, салмағы 9100 г.) бар, оның жолма-жол парсы тіліндегі аудармасы бар. Бұл жинақта толық мәтіні бар басқа Құрандар да бар, бірақ негізгі бөлігі 3-4 сүреден тұратын толық емес мәтіні бар Құрандар, олар бірнеше рет қайта жазылып, Қазақстан аумағында кең таралған, XV-XIX ғасырда жазылған қолжазбалар.

Сирек баспа кітаптарынан қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері, қазақ ағартушыларының көзі тірісіндегі басылымдары бар. Қорда Қазақстанның алғашқы мерзімді басылымдары – «Түркістан облыстық ведомстволары» 1879-1917 ж., «Қазақ» 1913-1918 ж., «Еңбекші Қазақ» 1923-1932 ж. және т.б. газеттер, «Айқап» 1911-1917 ж., «Абай» 1918 ж., «Шолпан» 1922 ж. және басқа журналдар сақталған.

XVIII-XIX ғ. славян және корей кітаптарының топтамалары библиографиялық құндылықтар болып табылады. Жинақта шіркеу славян және көне шіркеу славян қолжазбалары бар. Олардың көпшілігі былғарыдан жасалған, металл, мыс қапсырмаларында.

Қазақ музыкасының бірегей фонотека қоры 3700 күйтабақты құрайды, олардың ішінде қазақ музыкасының сирек жазбалары: Дина Нұрпейісованың, Дәулеткерейдің, Жаяу Мұсаның, Ақан Серінің, Мәдидің шығармалары, Әміре Қашаубаевтың, Күләш Байсейітованың, Манарбек Ержановтың, Қанабек Байсейітовтің, Жүсіпбек Елебековтің, Бибигүл Төлегенованың, Роза Бағланованың және т.б. дауыстары бар.

Сонымен қатар, бізде ғылымның барлық салалары бойынша қорғалған қазақстандық ғалымдар мен ТМД елдері ғалымдарының кандидаттық және докторлық диссертацияларының ғылыми қоры, Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері ғалымдарының авторефераттары, ҚР диссертацияларының дәстүрлі және электрондық каталогтары, СD, DVD-дағы ресейлік ғалымдардың диссертациялары, on-line режиміндегі ресейлік ғалымдардың диссертациялары мен авторефераттарының толық мәтіні бар Ресей мемлекеттік кітапханасы диссертацияларының электронды кітапханасы ұсынылған.

- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кітапханада қандай іс-шаралар өткізілуде?

- Биыл тұғырлы Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл ұлттық тарихымыздағы аса мерейлі бір белес. Осы айтулы мерейтой аясында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын қазіргі жастарға, өскелең ұрпаққа паш ету – біздің парызымыз.

Биылғы жылы барлық іс-шаралар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтіп жатыр. Біз қазақтың халық ақыны, жыршы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын, қоғам қайраткері, журналист, этнограф Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығын, аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын, т.б. белгілі тұлғалардың мерейтойларын атап өттік. Осы маңызды даталарға орай поэзия кештері, әдеби-музыкалық кештер, кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер және басқа да салтанатты шаралар ұйымдастырылуда.

Наурыз айында Жамбыл Жабаевтың мерейтойына орай кітап көрмелері ұйымдастырылды, «Дала ақыны Жамбыл Жабаев әлем әдебиетінде» виртуалды көрме дайындалды, «Жыр алыбы Жамбыл» атты музыкалық-поэзиялық кеш өткізілді, Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өткізіліп, «Ұлттың ұлы көсемі» атты көркемделген кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасымен бірлесіп ұйымдастырған «Заман ағымындағы Қазақстанның жазба мәдениеті: жазу тарихы және жазба ескерткіштердің қайта жаңғыруы» экспозициялық кітап көрмесімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған құжаттық және кітап көрмелерінің циклы ашылды. Барлық оқу залдарында тәуелсіздікке арналған түрлі тақырыптардағы кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Алғыс айту күні мерекесіне арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді: «Рахмет саған, Ұлы дала елі!» атты кітап көрмесі Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен «Шын жүректен алғыс айтамын» онлайн алғыс айту кеші; «Алғыс айту - адами парызымыз»: пандемия кезінде коронавирустық инфекциямен күресте үлкен үлес қосқан медицина және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу; «Ардагерлерге құрмет» кітапхана ардагерлеріне қолдау көрсету акциясы; «Аялы алақан» қайырымдылық акциясы - №1 Балалар үйіне көмек көрсету және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай әзірленген Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасына сәйкес Ұлттық кітапхана 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндік онлайн іс-шаралар циклын ұсынды. Іс шаралар аясында қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды.

Тәуелсіздік мерейтойына тарту ретінде Ұлттық кітапхана «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты библиографиялық көрсеткіш дайындады. Тарихи, ғылыми, әдеби және басқа да танымдық-танымдық кітаптар мен ақпарат көздері, шын мәнінде, тәуелсіздік шежіресі. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлы тұлғаларының мерейтойлары аясында «Жамбыл Жабаев», «Мұқағали Мақатаев», «Салық Зиманов» және басқа да библиографиялық басылымдар шығарылды.

Ағымдағы жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика және саясат ғылымдарының докторы, Еуразиялық даму орталығының бас директоры Тайыр Мансұровтың тәуелсіздік жылдарында дайындап, жарық көрген 2500 дана кітапты кітапхана қорына сыйға тарту рәсімі өтті. Олардың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және дипломат, қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловқа, сондай-ақ еуразиялық интеграция мен халықаралық қатынастарға арналған бірегей кітаптар бар. Сондай-ақ, қазақтың ұлы ақындары – Абай, Жамбыл және Мағжан Жұмабаевтардың таңдамалы шығармалары, «Русский Раритет» баспасынан «Ғасырлар даналығы» сериясымен жарық көрген «Абай және Пушкин» жинағы да оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудыруда.

Желтоқсан оқиғаларының 35 жылдығына орай «Арыс» баспасынан шыққан «Желтоқсан. Декабрь. 1986. Деректі хроника» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының себептері мен мән-жайын зерттеуге арналған материалдар қамтылған. Сондай-ақ «Атамұра» баспасы Қайым-Мұнар Табеевтің желтоқсан көтерілісі мен оған қатысушылар жайлы ақпарат беретін «Қарағайдың қарсы бұтағы» (Желтоқсан туралы әпсана») атты жаңа кітабының 10 данасын кітапхана қорына сыйға тартты.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық кеңестің төртінші отырысында сөйлеген сөзінде кітапханалар мен кітаптың қоғам дамуында, қоршаған дүниені танудағы рөлі туралы атап өтті. Кітап оқу мәселесіне тоқтала келе, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

Осы тапсырманы орындау мақсатында және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен биылғы жыл «Балалар мен жасөспірімдерді оқуды қолдау жылы» деп жарияланды, оның аясында республика бойынша кітап оқуды қолдауға бағытталған түрлі мәдени іс-шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, «Оқитын ұлт» жобасы аясында халықты кітап оқуға тарту, кітап оқуды белсендіру шаралары қолға алынбақ. Бүгінгі таңда республика кітапханалары сапалы кітап оқуды насихаттау, жастарды кітап оқуға баулу жұмыстарын күшейтуде.

Біздің мақсатымыз - оқырмандарды кітапханаға, халықтың түрлі топтарын әлемдік және қазақстандық құндылықтарға тарту, жүйелі түрде кітап оқу дағдыларын қалыптастыру негізінде тәжірибелік және іргелі білім алуға жұмылдыру, қоғамның ақпараттық мәдениетіне, кітап оқуға, отандық тарих пен мәдениетке тұрақты қызығушылығын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізу. Сол арқылы қоғамның рухани жаңғыруына ықпал ету.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды ұлттық мерекеміз және тарихи мерейтоймен – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, амандық, тұрақтылық пен өркендеу тілеймін!

- Әңгімеңізге рахмет!