Мектеп оқулықтарының 80 пайызы цифрлық форматқа көшірілді

1 355

Елімізде мектеп оқулықтарының 80 пайызы цифрлық форматқа көшірілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бүгінде цифрлық нұсқадағы оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілген.


Цифрлық оқулықтарды әзірлеуге еліміздің 11 баспасы тартылды. Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу мақсатында педагогтер үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленген.


«Қазіргі күні еліміздегі бастауыш сынып оқулықтарының – 94 пайызы, 5-9 сынып оқулықтарының – 81 пайызы, 10-11 сынып оқулықтарының 61 пайызы электронды нұсқаға көшірілді. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған», – дейді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.


Электрондық оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылып келеді. Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалған.


2023 жылдың басынан цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса видеосабақ жарияланған.