Үкімет ұстаздар мерекесінің нақты датасын бекітті
Үкімет биылдан бастап ұстаздар мерекесінің нақты датасын бекітті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстанда Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Алайда 2023 жылы наурызда үкімет кәсіби мерекенің нақты датасын бекітті. Ұстаздар мейрамы әлемнің 100-ден астам елі тойлайтын Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Яғни биылдан бастап Мұғалімдер күні елімізде жыл сайын 5 қазанда тойланады.
Мұғалімдер күні қарсаңында елімізде "Үздік педагог" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады. Республикалық байқау 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол уақыттан бері 620 ұстаз "Үздік педагог" атанған. Оларға 1000 АЕК (3 450 000 теңге) мөлшерінде сыйақы төленді.
Бұдан бөлек ұстаздарға "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы беріледі. Бұл марапатқа ие болғандар айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады.
Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігі білім саласында 30 және одан көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді "Еңбек ардагері" медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.