Қаңтардан бастап педагогтерді аттестациялау жеңілдейді
Енді мұғалімнің кәсіби деңгейі мен жетістігі оқушылардың жетістіктерімен тікелей бағаланады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министрлік аттестациялау жүйесіне өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі пилоттық режимде 2024 жылы қаңтарда басталады. Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев жүйенің қалай өзгеретінін түсіндіріп берді.
Комитет төрағасының айтуынша, педагогтердің білім деңгейі бойынша жеке лауазым санаты үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері әзірленді. Әр біліктілік санаты үшін белгіленген критерийлер қолмен тексеріліп, сараланды.
Сонымен қатар жұмыс тобының мүшелері сабақты бақылаудың автоматтандырылған түрін әзірлеп, оны сабақ барысында сынақтан өткізіп көрді.
Педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі келесі жылдың қаңтарынан бастап Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Аталмыш жоба көктемде толықтай іске қосылады.