Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі әлемдегі үздіктердің қатарына енді

2 511

Назарбаев Университетінің (NU) Жоғары бизнес мектебі ресми түрде MBA Ассоциациясы (AMBA) мен Бизнес түлектері қауымдастығының (BGA) халықаралық аккредитациясын алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


 Әлемде бұл аккредитацияға бизнес-мектептердің тек 2%-ы ғана қолжеткізе алады. AMBA мен BGA-ның бірлескен аккредитациясы ауқымды бағалау процесінен кейін ғана әлем елдерінің арасында 300 бизнес мектепке беріледі. Аккредитацияға өтініш білдірген мектептер алдымен төрт сатылы бағалау процесінен өтеді. Мұнда жазбаша есеп беру мен шетелдік делегацияның сапары кіреді. 


"Бұл аккредитация бизнес-білім беру мен ертеңгі көшбасшыларымызды дамытуда бізді жігерлендіреді. Көшбасшылар жаңа мүмкіндіктерге толы қарқынды дамып келе жатқан қоғамымызды да, бизнес ортамызды да өзгертуде маңызды рөл атқарады. Осы аккредиттеу мен жоғары сапалы бизнес-білім беру арқылы қоғамға әсер ете білу ниетіміз бұрынғыдан да күштірек бола түсті", - деді NU Жоғары бизнес мектебінің деканы доктор Джозеф Конингс. 


AMBA комиссиясы бизнес мектептің бағдарламаларына, пәндердің тізімі мен мазмұнынан басқа жалпы университеттегі оқыту сапасын қарастырады. Оған қоса профессорлардың деңгейі мен олардың зерттеулерін бағалайды. Сонымен қатар MBA студенттері мен түлектерінен оқу кезіндегі тәжірибелері туралы сауалнама жүргізіп, тіпті жұмыс берушілерден де кері байланыс алады. NU Жоғары бизнес мектебі қауымдастық белгілеген қатаң стандарттардан жеңіл өтіп, тіпті асып түсті.


"AMBA және BGA аккредиттеу үдерісінің сәтті аяқталуы – біздің бизнес мектеп сапасының халықаралық деңгейде мойындалуының белгісі. Халықаралық сараптау комиссиясы мектеп басшылығын, әкімшілік қызметкерлерін, сан алуан профессорлық-оқытушылар құрамын, олардың тамаша ғылыми жетістіктерін және қазіргі студенттер мен түлектердің көрсеткіштерін жоғары бағалады. Олардың көпшілігі Қазақстанда жоғары лауазымдарда қызмет етеді", - деді NU Жоғары мектебі деканының Бизнес академиялық мәселелер және аккредиттеу бойынша орынбасары, доктор Дженифер Льюис.


NU Жоғары бизнес мектебі 10 жыл ішінде өзінің 550-ден астам бизнес көшбасшысын дайындап шығарды. Ал 2024 жылдың қаңтарында тағы да 50 студенттен тұратын тағы бір топ қосылады. Желтоқсан айында МВА түлектері тәжірибе алмасу үшін Дьюк университетіне барады. Бұл сапар олардың бағдарламасының ажырамас бөлігі.


МВА-дан бөлек, мектеп бизнесті басқару бойынша докторлықты, қаржы магистрін және басқарушылық МВА дәрежесін ұсынады. Дәл қазір соңғы дәрежеге қабылдау жұмыстары қызу жүріп жатыр. NU Жоғары бизнес мектебі осы бағдарламалардың барлығын ағылшын тілінде ұсынатын Қазақстандағы AMBA аккредитациясынан өткен жалғыз бизнес мектебі.


"Біздің бағдарламалар білім беру тәжірибесін өзгертіп, студенттерді бизнестің әлемдік көшбасшылық ұстанымдарына дайындайды. Назарбаев Университетінің Times Higher Education халықаралық рейтингіне алғаш рет енуімен қатар, AMBA және BGA аккредитациясы өңірдегі ең үздік университет екенінің тағы бір дәлелі", - деп атап өтті доктор Льюис.


Оның айтуынша, AMBA және BGA аккредитациясы мектепке магистранттарды бизнестің бәсекеге қабілетті әлемінде табысқа жету үшін қажетті дағды, біліммен қаруландырады.