7 мектеп әлі де пешке от жағып отыр

2 515

Фото: Әлеуметтік желіҮш аудан аумағында орналасқан пешпен жылытылатын мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Қазіргі таңда нақты шешім Алға ауданына қарасты Талдысай ауылында жаңа мектеп салу жөнінде қабылданды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысының Шалқар, Мұғалжар және Алға аудандарында жалпы саны 7 мектеп көмір жағып отыр. Аталған білім ошақтарында жылыту пештері ғимараттың ішінде орналасқан.

Алға ауданы Талдысай ауылының тұрғындары екі қабатты, алайда тозығы жеткен мектептің мәселесін көтерген. Ауылда газ желісі болғанымен, мектеп әлі күнге дейін көмірмен жылытылып келеді. Сонымен қатар, жылыту қазандығы да ғимараттың ішінде орналасқан.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Талдысай негізгі мектебі 80 орынға есептелген және 1975 жылы шлакбетон материалынан салынған. 2025–2026 оқу жылында мұнда 39 оқушы білім алуда. 2022 жылы жүргізілген техникалық тексеру қорытындысы бойынша мектеп ғимараты апатты жағдайдың алдында деп танылып, күрделі жөндеуге жарамсыз деп белгіленген.

Осыған байланысты ауылда 60 орындық жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаны дайындауға облыстық бюджеттен 5,5 млн теңге бөлініп, құжат 2025 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік сараптамадан өткен. Жаңа мектеп құрылысының жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды.

Ақтөбе облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.