Қызылордалық жастар шетелде білім алуда
Өңірлік жоғары оқу орнын таңдаған студенттердің кейде «Алматы мен Астанадағы университетте оқығанымда ғой» деп армандайтыны бар. Бүгінде ол түк те қиын емес. Сабақты жақсы оқысаң, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы бір семестр басқа білім ордасында оқып келе аласың, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірақ көбіне студенттер бұл бағдарлама туралы кеш біліп, өзге ЖОО-да оқу бұйырмай қалатыны рас. Оған да дайындық керек. Сондықтан бағдарлама туралы айтуды жөн көрдік.
Академиялық ұтқырлық студенттерді немессе оқытушыны басқа оқу орнына, ғылыми мекемеге ауыстыру мақсатында жүзеге асады. Бұл бағдарламаға тек білім алушылар ғана емес, оқытушылар да қатысып, өзге оқу орнында дәріс өткізеді.
Академиялық ұтқырлық ішкі және сыртқы деп екіге бөлінеді.
Сыртқы академиялық ұтқырлық – студент, магистрант, PhD докторант, оқытушылардың шетелдік білім беру немесе ғылыми мекемелерде білім беру бағдарламаларын меңгеруі және жүзеге асыруы. Білім алушылар мен оқытушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығы Қазақстан Республикасынан тыс оқу немесе қызметтік тапсырманы орындау үшін академиялық бір кезеңге шығу түрінде жүзеге асырылады.
Ішкі академиялық ұтқырлық – қазақстандық университеттер мен ғылыми орталықтарда студент, магистрант, PhD докторант, оқытушылардың білім беру бағдарламаларын игеруі.
Бағдарламаға бакалавриаттың 2-3 курс студенттері, күндізгі бөлімнің 1 курс магистранттары қатыса алады. Қатысу үшін үміткерлер жақсы академиялық көрсеткіштерге ие болып, шет тілін жоғары деңгейде меңгеруі тиіс. Сыртқы академиялық ұтқырлық арқылы шетелде оқығысы келетіндер конкурстық іріктеуге қатысу үшін университеттегі халықаралық бөлімге өтініш беруі қажет.
Осы орайда бағдарлама арқылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім алған Аружан Нұржанқызымен пікірлестік.
Сыртқы академиялық ұтқырлық арқылы Қытайдың Хубей педагогикалық университетінде төрт ай білім алған Ақерке Ағыбай да әр оқу орнының әдістемесін меңгерген артықтық етпейтінін атап өтті.
Бүгінде білім алудың жолы көп. Ендеше 1 курстан бастап белсенділік танытып, үздік атанып, Академиялық ұтқырлықпен оқуды мақсат етсеңіз, ұтылмайтыныңыз анық.