Барлық бала бақытты болуға лайықты

844

Фото: Қызылорда облыс әкімдігіҚұрсақта жатқан сәбиге Алла тағала сол уақыттан бастап өз тағдырын сый етеді. Мүмкін ол қысқа болар немесе ұзақ болар ешкім білмейді. Сол секілді туыла салып денсаулығында кінәрат болып немесе өз ерекшелігі болуы әбден мүмкін. Бүгінгі біз айтқалы отырған тақырып туа бітті және келе пайда болған көз мүкістігі бар балалардың жағдайы мен білімі туралы болмақ. Бұл туралы Қызылорда қаласы №5көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернатында тәрбиеші болып қызмет атқаратын Наденова Гүлнұр Асқарқызы толықтай әңгімелеп берді.  
 
- Осы қызметте қанша жылдан бері жұмыс жасап келесіз?
-  Осы қызметте жүргеніме он үш жылдан асып барады. Қазір ішкі процеске толықтай үйренісіп кеттік десем артық болмас. 
 
- Жәй мектеппен салыстырғанда әдіс- тәсілдері қаншалықты күрделі?
-Әрбір мемлекет қоғамында мүмкіндігі шектеулі балалар өмір сүріп, білім алып, тәрбиеленіп жатыр. Олар белгілі бір ортаға тәуелді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын дәрігерлер бақыласа, тәрбиеленуі ата-ананың құзырындағы нәрсе, ал білім беру мен тәрбиені қатар ұйымдастыру бұл - біздің міндетіміз. Мүмкіндігі шектеулі бала мектепке алғаш келген кезде қиналады. Өйткені жаңа ортаға бейімделу керек, гигиеналық тазалықты үнемі сақтау және кей балалардың өз-өзіне қызмет етуі төмен дәрежеде немесе мүлде болмайды. Сонымен қатар, оқу процесін қабылдау балаға қиын тиюі мүмкін. Міне осы орайда баланың танымын қалыптастыратын және үйрететін – педагогтар, яғни, біздерміз.
 
-Мектептегі балалардың мінезі қалай?
- Әрине,баланың   баладан айырмашылығы жоқ. Бала қай кезде де бала.Бала болғасын еркелік те кездеседі, аз ғана бұзықтықтары да болады. Ондай кезде баламен мейлінше жұмсақ болып, еркелетіп отырып өз ағаттығын түсіндіруге тырысамын. Бала әрі қарай өзі ақ бәрін түсінеді. Интернатымызда жатып оқитын балаларымыз бар. Бала күнде қасында болмағаннан соң отбасын, ата-анасын сағынады. Сондықтан да біз балаларымызға мейірімімізді төгуден, еркелетуден шаршамаймыз. Өздері де үлкеннен бір жылылықты, мақтауды күтіп тұрады. Бала жүрегі сезімтал ғой. Тәрбиеге көнбейтін бала жоқ. Тек жүректерінен жол тауып, өздерімен тең адамша сөйлесіп,« айналайын» деп басынан сипауды ұмытпасақ, балаларға бұдан артық ештеңе керек емес.
 
- Баламен жұмыс жасауда қандай методика қолданасыз және жазу құралы қалай аталады?
- Балалардың диагнозы, көзінің көру деңгейі, қабылдауы, зейіні, есте сақтауы әр түрлі деңгейде болып келеді. Мысалы: мүлдем көрмейтін балалар бар және көру деңгейі төмен балалар бар. Сонымен бірге көру деңгейі функционалдық бұзылған балалар да кездеседі. 
Мүлдем көрмейтін оқушылар брайль жүйесімен оқытылады. Брайль жүйесі-бұл бедерлі нүкте арқылы оқыту және жазу. Бұл жүйемен оқыту үшін арнайы құралдар қолданылады (прибор, грифель) Бұл топтағы балаларға  брайль жүйесін үйретпес бұрын ет сезім қабілетін дамыту мақсатында жұмыс жасау керек.   Міне осы тұрғыда түрлі әдістер қолданылады. Оқушыларымыз үлкейткіш құралдарды (лупа, үлкейткіш экран) міндетті түрде пайдаланады. Сонымен бірге балаларға құрастырмалы заттармен жұмыс жасауға мүмкіндік берілген. Көрнекілік ретінде  жіптің түрлері, өсімдік дәндері, дақылдары, моншақтар(ірі,ұсақ)пайдаланылады. Сонымен  қатар саусақ ұшына, алақанға бүдірлі заттармен жеңіл массаж жасауға болады. Бұл баланың бедерлі нүктені сезуіне,әріптер мен сандарды тез үйренуіне көп көмегін тигізеді. Жалпы оқушыларға әр он бес минут сайын көз бұлшықеттері шаршамауы үшін көзге арналған жаттығулар жасалып отырады. 
 
 - Сабақ барысында ұрысып ,қатты сөйлеп қойған кезіңізде көңілін қалай аулайсыз?
- Өзім жалпы балаға жұмсақпын. Алайда өз балаларымнан қалай талап етемін, шәкірттерімді де келешекте ең бірінші адамгершілігі мол, қоғамдағы өмірге белсенді, өз беттерінше өмір сүре алатындай аяғына нық тұрған, білімді азамат, азаматша болып қалыптасса екен деймін. Міне, сондықтан да балаларды өтірік айтпауға, бір-біріне қамқор, мейірімді болуға барынша бағыттап отырамын.
 
- Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудың қиындығы мен қызығын атап өтсеңіз?
- Мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс жасау өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жерде баланың ең бірінші қауіпсіздігі, білімі мен тәрбиесі және денсаулығы. Бұл қиындық деп айтуға келмес, дегенмен, екі есе жауапкершілік . 
Ал қызығына келетін болсақ, мына бір жағдайды ылғи есіме алып отырамын.  Ол кезде мен ер балалардың тәрбиешісі болдым. Тобымызда бір қыңырлау, қиын мінезді  оқушы болды. Өз тобымызбен  бірге ашық тәрбие сағатын өткізуіміз керек еді.  Балалармен бірге, өздеріне салмақ сала отырып ақылдастым іс-шара жөнінде. Оқушыларым үмітімді ақтап, жақсы алып шықты. Тәрбие сағаты соңында жаңағы оқушым   «рахмет, Апай!» деп жүгіріп келіп құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр. Мен оқушымның сырттай білдірмесе де іштей жауапкершілікті сезініп, қобалжып жүргенін ұқтым. Бұл да болса біздің тәрбиедегі еңбегіміздің зая кетпегені. Баланың жүрегіндегі мейірімділікті көріп мен де тебірендім, қуандым. Бұл - ұстаз үшін үлкен жетістік!  
 
- Қазіргі онлайн оқытуда қалай жұмыс жасаудасыздар?
- Қазіргі жағдайға байланысты оқушылармен жұмыс қашықтан жүргізіліп жатыр. Ата-аналармен, балалармен телефон арқылы үнемі байланыстамыз.
 
-Оқушылар қатынап оқиды ма?
- Мектеп - интернатымызда қала ішінен, аудандардан, шалғай ауылдардан келіп оқитындықтан алыс өңірден келген оқушылар міндетті түрде жатып оқиды. Ал қалада тұратын балалардың көбісі қатынайды. Аптаның бес күні жатып оқып, тек демалыс күндері қайтатын оқушылар да бар.  
 
- Бір сыныпта қанша оқушы және жас айырмашылығы қалай?
- Сыныптарда жалпы бала саны оннан аспайды. Бір сыныпта тоғыз оқушы, басқа сыныпта жеті, кей сыныпта бес - алты оқушыдан болуы мүмкін.  
 
 - Олардың өмірге құштарлығы қаншалықты жоғары?
- Баланың  өз қиялы, әлемі болады. Олар да ең бірінші көзіміз жақсы көріп кетсе деп армандайды. Мен өскенде дәрігер боламын немесе сіздерге ұқсап мұғалім боламын, апай, дейтін де оқушылар кездеседі. Өскенде полиция болғысы келетін де балалар бар. Әрине, балалардың арманы орындалып, өмірден өз орындарын тауып, бізді тек жақсы жетістіктерімен қуантып жатса, бұл біз үшін ең үлкен бақыт деп айтар едім!                                                                                                                                                                                                                                                         
 
Сұхбаттасқан Азиза Құнанқараева