60 мыңнан аса қазақстандық студент Ресейде оқып жүр

2 268

Фото: immunocap.ruМемлекет басшысы «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы ректорлар форумын Қазақстанда өткізуді ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Осы орайда, жоғары білім саласындағы байланысты дамытудың мәні ерекше арта түсті. Бүгінде Қазақстанның 60 университеті Ресейдің 50 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Ресейде 60 мыңнан аса қазақстандық студент оқиды.

– Елімізде Ресейдің жетекші оқу орындарының 9 филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында биыл пайдалануға берілген Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы да бар. Былтыр Қазақстанда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы өз жұмысын бастады. Өз кезегінде Бішкек, Ош, Ташкент қалаларында қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдары студенттер қабылдады. Омбы мемлекеттік университеті базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылуы маңызды оқиғаға айналды. Бұл – Ресейдегі алғашқы шетелдік оқу орнының өкілдігі. Осы салада сындарлы қарым-қатынас орнатқаны үшін әріптестеріме ризашылық білдіремін. Елдеріміз арасында ғылым-білім саласы бойынша тығыз байланыс орнағанын ескеріп, «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы ректорлар форумын Қазақстанда өткізуді ұсынамын. Қазіргі жағдай ықпалдастықты цифрлық форматта белсенді дамыту қажет екенін көрсетіп отыр. Осы орайда «Орталық Азия – Ресей» цифрлық кітапханасы» бірлескен білім беру онлайн-платформасын ашуға мүмкіндік мол деп ойлаймын. Мұнда университеттеріміздің курстары мен дәрістері, архивтері қолжетімді болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ресей мен Орталық Азия елдері сан қырлы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аударуы қажет деп санайды.

– Бұл орайда елдерімізді біріктіретін, жалпы ортақ құндылығымыз саналатын орыс тілінің орны ерекше. Бірлескен күш-жігердің арқасында Халықаралық орыс тілі ұйымын құрғанымыз қуантады. Оның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасқан. Ел алдында сөйлеген сөздерімде қазақ жастарының орыс тілін жетік меңгергені маңызды екенін айтып жүрмін. Бірақ бұл талап қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарға кедергі келтірмейді. Құдай берген ана тілдеріміз конституциялық тәртіппен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сондықтан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бөліне береді. Жастарымыз биліктің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тілді оңай меңгере алатынына сенімдімін. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Анығын айтқанда, Қазақстандағы жағдай осындай. Еліміздің әр азаматы өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге құқылы. Бұл – «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын ұлттық саясатымыздың өзегі, – деді Мемлекет басшысы.