Аң аулауға шыққан жасөспірім бала қасындағы досына оқ атқан

1 481

Фото: Bigstock.comМойынқұм ауданына қарасты Құшаман ауылында түнде аңға шыққан жасөспірімнің бірі абайсызда оққа ұшып, көз жұмды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

13 жастағы екі сыныптас бала түнгі аңшылыққа шыққан. 

“Жасөспірімдер қоян аулап жүрген. Балалардың бірі қоянға оқ атқаннан кейін ол жаққа барып, жаралы аңды іздеген. Алайда қоян қашып кетпек болған. Сол сәтте екінші бала оны тоқтатпақ болып тағы да оқ атқан”, – дейді ауыл тұрғындары.

Екінші рет атқан оқ жанындағы досына тиген. 

Жамбыл облысы полиция департаменті бұл факт бойынша абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

“Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, бөлімшеге жеткізді. Қазір істің толық, жан-жақты және объективті тергелуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының өз міндеттерін тиісінше орындамауы және бақылаусыз қалдыруы салдарынан балалардың атыс қаруына қол жеткізуіне байланысты олардың жауапкершілігі қарастырылып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге деректер тергеу мүддесіне орай жария етілмейді", — деп мәлімдеді полиция.

Мойынқұм тұрғындарының айтуынша, бүгін аудан орталығының орталық алаңында халық көп жиналған. Бұл жағдайдың аталған оқиғамен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.