2025 жылдан бастап 1000 ауыл мектебі «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасына қосылады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда елімізде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске асырылуда, оның ішінде Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып шағын жинақталған ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту», Алматы облысында «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру», Маңғыстау облысында «Отпан» тірек мектептерінің желісін дамыту», Ұлытау облысында «Ustaz Ulytau» сияқты өңірлік бастамалар қамтылған.
Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінің нәтижесінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды, сондай-ақ, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету шешілді. Жобаға қатысушылар цифрлық құзыреттілікті арттыру және кәсіби дамытуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндіктеріне қарай, оқытудың 4 моделі әзірленді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда бүгінде 8 мың мектеп бар, оның 67%-ы ауыл мектептері, 51%-ы шағын жинақты мектептер. Шағын жинақты мектептердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі.