Қармақшылық оқушылар жылыжайда тәжірибе жинап жатыр
Көктем келіп, күн жылынды. Көпшілік егін егуге дайындықты бастап та кетті. Жазды күтпей-ақ сіз бен біз қыс бойы жеп жүрген жеміс-жидек, көкөністің түр-түрі көбіне жылыжайда өсіріледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жылыжайда жеміс өсіру – ең табысты әрі халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің таптырмас тәсілі. Жылыжай шаруашылығының да өзіне тән қиындығы аз емес. Соған қарамастан қазір елімізде жылыжайлар саны артып келеді.
«Жасыл мектеп» жобасы оқушылардың мектеп қабырғасында білім алып қана қоймай, тәжірибе толықтыруларына сеп болуда. Бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан жылыжайлардың бірі Қармақшы ауданы орталығында орналасқан Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің жылыжай кешені. 2012 жылдан бері мектеп ауласына өсіретін әдемі гүлдердің көшеттері және көкөніс өсірумен айналысатын жылыжайды жасаудағы басты мақсат мектеп оқушыларының биология пәнінен алған білімдерін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу, қоршаған ортаға, оның ішінде жасыл желекке құрметпен қарау, келешекте жылыжай ісіне, ауылшаруашылығы саласына бейім мамандарды дайындау болып табылады.
Жылыжайда өсірілген гүлдер арқылы мектеп жанындағы оқу-тәжірибе шарасына да, мектеп ауласын көгалдандыруға да мүмкіндік туады.
Оқушылар мұғалімдерімен бірге жылыжайға қияр, тәтті бұрыш, қызанақ, қызылша, аскөк және гүлдердің түр-түрін еккен. Қазіргі уақытта жылыжайда еңбек қызған шақ.
Тетігін тапсаң, бұл жан-жақтылы тиімді жұмыс болатынын түсінетін мектеп ұжымы алдағы уақытта жылыжайды жайқалтып, өнімін арттыруды көздеп отыр.