«Robotek Grand Tournament»: Қызылордалық оқушылар жеңіс тұғырынан көрінді

2 529

Фото: НЗМАстанада өткен халықаралық «Robotek Grand Tournament» чемпионатында қызылорда облысының оқушылары бір І орын және төрт ІІІ орын жеңіп алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Б.Шалғынбаев атындағы №217 IT мектеп-лицейінің оқушылары Иса Мылтықбаев пен Мейіржан Ғалымұлы «Роботек» санатында бақ сынасып жеңіс тұғырынан көрінді:


"Біздің мектепте робототехника үйірмесі жұмыс жасайды. Осы сайысқа бір ай бойы дайындалдық. Біз үшін бұл үлкен жетістік", – деп бөлісті қуанышымен жас өрендер.


Аталмыш білім ордасының атынан қатысқан тағы бір топ Ыбырай Жұмабай мен Аружан Өмірбай чемпионатта үздік нәтиже көрсетіп, қоладан медаль тақты.


Биыл «Robotek Grand Tournament» алаңында Астанаға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген үздік робототехниктері бас қосты. Бірнеше жас тобындағы 250-ден астам мектеп оқушысы «Robotek», «Мерген», «Инверстік сызық бойымен жарыс», «Туды жеткізу», «Жеткізуші робот», «Сұрыптаушы робот» санаттары бойынша бақ сынады.


"Біз робототехника бойынша ауқымды республикалық және халықаралық жарыстардың жиі өтіуіне мүдделіміз, «Robotek Grand Tournament» – мазмұны бойынша толығымен қазақстандық, авторлық регламенттер бойынша өткізілді, бұл балаларды жаңа инженерлік шешімдерге шабыттандырады. Чемпионаттың миссиясы біздің компанияның миссиясымен үндес – балаларға болашаққа сенімді қадам жасауға көмектесу. Біз нақты экономика үшін жаңа буынның отандық инженерлік резервін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін чемпионаттарда роботтарды құрастыратын және бағдарламалайтын оқушылар ертеңгі күні жасанды интеллекттің қатысуымен жоғары технологиялық, цифрлық, роботтандырылған кәсіпорындарда сұранысқа ие болады", – деп атап өтті компанияның бас директоры Санжар Шалқарбеков.


Чемпионатта алғаш рет «Robotek» компаниясының маскоты Теко таныстырылды. Ең креативті эскизге арналған республикалық байқауда жеңіске жеткен оралдық оқушы Дильназ Нұрғалиева сәттіліктің бірегей тұмарын жасады.


Басты Кубок – «Ел кубогын» – батыс қазақстан облысының құрамасы Оралға алып кетті.


Үш жылдан бері тұрақты өткізіліп жүрген халықаралық додада биыл алғаш рет үш арнайы аталым енгізілді: «Үздік инженерлік шешім», оның жеңімпаздары Түркістан облысының Кентау қаласынан Ибрагим Искандеров пен Нұрислам Ершов, «Үздік ауылдық команда» Жетісу облысы Ақсу ауданынан Бекжан Мұхтарбек пен Роман Проняковқа тағайындалды. Артем Аппазов пен Джахонгир Мамаджанов «Үздік шетелдік команда» аталымын Өзбекстанның Шыршығына алып кетті.


Еліміздегі жетекші ЖОО – Қазақстан-Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және инженерия мектебіне білім грантын Абай облысы, Үржар ауданынан келген Мирас Слямғазы алды.


Қазақстанда мектеп робототехникасын дамытуға және «Robotek Grand Tournament» өткізуге қолдау көрсетті: чемпионаттың платина демеушісі – Allur автомобиль компаниясы, алтын демеушісі – «Sana Sport» отбасылық-спорттық орталығы.


Келесі жылы Астанада «Robotek Grand Tournament» алаңында Америка Құрама Штаттары, Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань және басқа да елдердің жас робототехниктері кездесуге ниетті.