Қазақстанда ядролық физика мамандығына бөлінетін грант саны артады
Еліміздің жоғары оқу орындары біртіндеп ядролық физика мамандығына бөлінетін грант санын көбейтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24KZ сайтына сілтеме жасап.
Атом электр стансысына қажетті мамандарды 15 жылдан бері дайындайтын Еуразия ұлттық университетінің 1200-дей түлегі ұлттық ядролық орталық пен диагностикалық-медициналық мекемелерде еңбек етіп жүр. Биылғы жаңа оқу жылында 71 студент қабылдаған кафедрада ядролық физика бағыты бойынша 310 ізденуші білім алып жүр.
Тәлім алушылар салалық оқытушылар және ғылым докторларымен бірге Қазақстанның энергетикасын дамыту жобаларын талқылады. Жиында Атом электр стансысын салу және қажетті мамандармен қамту мәселелері қаралды. Байытылған ураннан қуат алуды үздік меңгерген шәкірттер шетелге тағылымдамаға жіберіледі. Сондай-ақ Курчатов пен Алматыдағы ғылыми орталықтар студенттерге тәжірибе алаңы ретінде ұсынылады.