Қызылорда облысында апатты күйдегі төрт мектеп қалды
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деп хабаралайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде қазір үш ауысымда білім беретін мектеп жоқ. Білім беру мекемелерінің жанынан қосымша ғимарат салу арқылы бұл түйіткілдің түйіні тарқады. Қызылорда қаласындағы нөмірі 211 мектептің іргетасы 35 жыл бұрын қаланған. Содан бері бірінші рет күрделі жөндеуден өтті. Мектеп ғимараты уақыт талабына сай жаңа кейіпке еніп, зертханалық сыныптар қайта жабдықталды. Ал орындық пен партаның биіктігін оқушылардың бойына сәйкес реттеуге болады.
Айжан Алимова, мектеп директоры: - Мектебіміздегі барлық оқу жиһазы жаңартылып, материалдық базамен толық қамтамасыз етілді. Он жаңа интерактивті тақта берілді. Интернетке толық қосылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін камералардың саны көбейтіліп, қазіргі таңда орталықтандырылған жүйеге қосылды. Биыл өңірде 8 ескі мектеп қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар облыс орталығындағы үш ауысымға көшу қауіпі бар 4 білім ошағына қосымша ғимарат салынды.
Бүгінде облыста 10 жайлы мектептің құрлысы жүріп жатыр. Соның бірі жуырда Қызылорда қаласының сол жағалауынан ашылады. Айта кетейік, өңір мектептеріндегі үш ауысым мәселесі толық шешілді.