Елімізде жасанды интеллект мектебі ашылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект (ЖИ) мектебі ашылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Astana Hub халықаралық технопаркі Tomorrow School ЖИ мектебін іске қосады. Жоба 2025 жылы құрылатын Ұлттық жасанды интеллект орталығының негізін қалауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект мектебінде шетелдік педагог Николас Садирак әзірлеген инновациялық peer-to-peer оқыту жүйесін пайдаланылады. Ондағы білім алушылар бағдарламалау дағдысын нөлден бастап үйренеді. Оқуды аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасуына жағдай жасалады.
Мұнда мұғалімдер мен дәстүрлі сабақтар болмайды. Оқу студенттердің өзара көмегі мен топтық жұмысына негізделген;
Барлық студент Астанадағы Astana Hub технопаркі алаңында оффлайн форматта тегін оқиды;
Мектеп тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді, студенттер өздеріне ыңғайлы оқу кестесін құрады;
Оқуға түсу үшін бағдарламалау бойынша алдын ала тәжірибе талап етілмейді.
Іріктеу үміткерлердің логикасын тексеретін 2 онлайн ойыннан және оқытудың кіріспе кезеңінен («бассейн») тұрады.
Бірінші кезең («бассейн») 21 қазан – 17 қараша аралығында өтеді. Осыдан кейін қатысушылар 18 айға жоспарланған негізгі оқытуға көшеді. Бұл кезеңде олар 50-ден астам жобаны іске асырып, Golang, Rust, jаvascript, Python және басқа да 20-дан астам бағдарламалау тілін меңгереді.
Соңында студенттер төмендегі мамандықтардың бірін таңдауға мүмкіндік беріледі:
- ЖИ-инженері;
- Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші;
- Фулстек-әзірлеуші;
- Мобильді қосымшалар әзірлеушісі;
- DevOps инженері;
- IT жүйелерінің сәулетшісі;
- Киберқауіпсіздік маманы;
- Бейнеойындар әзірлеуші.
«Бассейн» барысында үздік нәтиже көрсеткен өзге қаладан келген қатысушылар негізгі оқу барысында баспанамен қамтамасыз етіледі.