Оқушылардың 30%-ы ауырса, сабақ онлайн форматқа ауыстырылады
Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы оқушылар арасында ЖРВИ мен тұмау жағдайы күрт артқан кезде сыныптардың қашықтан оқытуға қашан көшірілетінін айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Күз мезгілімен бірге мектеп оқушылары арасында суық тию деректері жиілеген. Облыстағы кейбір мектептерде ауырған балалар саны көбейгендіктен, жекелеген сыныптар уақытша онлайн оқытуға ауыстырылған.
Білім басқармасының мәліметінше, бұл шара ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы №6-ПГСВ қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Құжатта тұмау, ЖРВИ және COVID-19 бойынша 2025–2026 жылдардың эпидмаусымына арналған санитариялық талаптар бекітілген.
«Егер бір сыныпта бір инкубациялық кезең ішінде оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырса, кабинеттік оқыту тоқтатылады. Бұл сыныпқа 10 күн бойы жаңа оқушылар қабылданбайды», — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Ал оқушылардың 30%-дан астамы сырқаттанса, аталған сынып толықтай онлайн оқыту форматына көшіріледі. Өңірдегі нақты қанша сыныптың қазір қашықтан оқып жатқаны әзірге жарияланған жоқ.







